| | «Күштеп ұжымдастыру саясаты тарихи қалыптасқан ұлттық көшпелі өркениеттің негіздерін жойды». Сіз бұл пікірмен қаншалықты келісесіз? Өз жауабыңызды негіздеу үшін бірнеше дәлелдер келтіріңіз. 927 жылы партияның ХV съезінде елді коллективтендіруге бағыт алуға шешім қабылданды. Бұл науқан 1929 жылы Сталиннің „Правда” газетінде жарияланған „Ұлы бетбұрыс” деген мақаласынан кейін аса қарқынмен жүргізілді. 1928 жылы Қазақ АКСР Атқару комитеті мен халық комиссарлар Кеңесінің „Бай шаруашылықтарын тәркілеу” туралы қаулысы шықты. Осы қаулының негізінде жеті жүзге жуық ірі бай шаруашылықтары тәркіленіп олардың иелері қанаушы тап ретінде атылды. Осы саясат кейіннен колхоздастыру кезінде де жалғасып, оған орта шаруалар да ұшырады. Қазақстандағы коллективтендіру аса жылдамдықпен жүргізілді. 1928 жылы Қазақстанда барлық шаруа қожалықтарының 2% колхоздарға біріксе, 1930 ж. Олардың саны 50% -ке жетті. 1931 ж. Олардың саны 65% болды. Қазақстандағы коллективтендіру қазақ халқының ғасырлардан бері қолданып келе жатқан көшпелі тұрмысын, әдет-ғұрпын, салт-санасын ескерілместен жүргізілді. Шаруаларды еріксіз, зорлап колхоздарға кіргізді. Қазақтарды күштеп отырықшылыққа көшірді. Халықтың қолындағы мал еріксіз колхозға тартып алынды. Бұл істердің барлығы дайындықсыз жүргізілгендіктен және қысқы жем-шөптің болмауынан Қазақстандағы мал шаруашылығы үлкен апатқа ұшырады. 1932 жылдың ақпан айына дейін колхоздардағы малдың 87% -і апатқа ұшырады. Сонымен бірге индустрияландыру жылдарында Ресейдің орталық аудандарындағы ірі құрылыстардағы жұмысшыларды етпен қамтамасыз ету мақсатында малдың біраз бөлігі Ресейге жіберілгеннен кейін 1928 жылға дейін Қазақстанда 40 миллион мал болса 1933 жылғы Қазақстанда 5 миллионға жуық қана мал қалды. Қолындағы күн-көріс малынан айырылғаннан кейін және көптеген салықтардың салынуына байланысты қазақтардың өзі де аштыққа ұшырады. Коллективтендіру жылдары жіберілген өрескел қателіктердің салдарынан 2 миллион 200 мың адам қазаға ұшырады. Бұл сол кездегі қазақ халқының 49% -і еді. 1 миллионға жуық адам шет мемлекеттерге кетті. Қазақстандағы коллективтендіру жылдарындағы жіберілген қателіктер тікелей жауапты адам 1925-1933 жылдар аралығында Қазақстан аймақтық коммунистік партиясының бірінші хатшысы болып істеген Голощекин еді. Ол жергілікті халықтың әдет-ғұрпын білместен Қазақстанда ойына келгенін істеп, елді басқаруда командалық-бюрократиялық әдісті қолданды, өзінің жеке билігін орнатты. Голощекин Қазақстанда „Кіші Қазан” идеясын жүргізді. Оның бұл идеясына Рысқұлов, Нұрмақов, Сәдуақасов, Төрегожин сияқты қайраткерлер қарсы шықты. Бірақ Голощекинді Сталин қолдап отырды. Қазақстандағы аштық және оның себептері туралы Тұрар Рысқұлов Сталинге бірнеше рет хат жазды. Зорлап ұжымдастыру салықтың көп салынуы және Кеңес өкіметінің мұсылман дініндегі мешіттерді жауып тастауы, мұсылман әдет-ғұрыптарына тиым салуы халықтың наразылығын туғызды. Соның салдарынан 1929-1932 жылдар аралығында Қазақстанның көптеген аймақтарында шаруалар көтерілістері болды. Алғашқы осындай көтерілістің бірі Қазақстанның оңтүстігінде Бостандық ауданында басталды. Сондай-ақ көтеріліс Қостанай округінің Бетпаққара ауданында, Оңтүстіктегі Созақ ауданында, Қызылқұмда, Ырғызда, Маңғыстауда, Қарақалпақстанда ірі шаруалар көтерілістері болды. Бұл көтерілістерді Кеңес үкіметі арнайы әскери бөлімдер күшімен басып, оған қатысқандары қатаң жазаға тартты. 5551 адам сотталып, олардың 883-і атылды. |
| | «Қазақ хандығындағы саяси-құқықтық заңдар мемлекеттің саяси жүйесін нығайтып, қоғамдық қатынастарды реттеуде маңызды орын алды». Сіз бұл пікірмен қаншалықты келісесіз? Өз жауабыңызды негіздеу үшін бірнеше дәлелдер келтіріңіз. Жеті жарғы – Тәуке хан (1678 – 1718) тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдарының жинағы. 17-ғасырда қазақ хандығының ыдырау қаупінің тууына байланысты Тәуке хан елдің ауызбірлігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салды. Қазақ қоғамының дамуы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет етті. Осы ретте Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған “Қасым ханның қасқа жолы” мен “Есім ханның ескі жолын” одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысты. Үш жүздің игі жақсылары мен билерін жинап, оның ішінде атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бар, Күлтөбенің басында “Тәуке ханның Жеті жарғысы” деген атауға ие болған заңдар жиынтығын қабылдады. Жеті жарғыға сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше алды. Жаңа заң жүйесі қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтыды, соның нәтижесінде Тәуке ханның билік еткен тұсы Қазақ хандығының барынша күшейіп, дәуірлеген кезі болды. Жеті жарғыдан кейін арнайы атаулы заң жүйесі жасалмағандықтан және Жеті жарғының өзі талап, тілекті қанағаттандырарлық деңгейде болғандықтан, оның көптеген жол-жобалары мен қағидалары 20-ғасырдың басына дейін қолданылып келді. Онда жер дауы, отбасы және неке заңы, қылмыс пен құн дауына, ұрлық-қорлық, тонаушылыққа және куәлік ету мен ант беру рәсімдеріне орай қалыптасып, тұжырымдалған қазақтың ұлттық әдеп-ғұрып заңдары көрініс тапқан. «Жарғы» сөзі қазақша әділдік, шешім деген ұғымды білдірген. Түпкі мәні жарудан, нәрсенің салмағын бір жағына аудармай, дәл де әділ айырудан шыққан. Дауды әділ, тура шешкен билерді халық: «Қара қылды қақ жарған» деп мадақтайды. Ол заманда бас кетсе де әділ сөйлеген. Қасым ханның қасқа жолы — қазақ халқының хандық дәуіріндегі әдет-ғұрыптық заң ережелерінің жиынтығы. Қасым хан хандық құрған кезде (1511 - 23) ел басқару ісінде қолданылған. Негізі орта ғасырларда Қыпшақ, Шағатай ұлыстары қолданған «ярғу» заңынан (қазақша «жарғы» - хақиқат деген ұғымды білдіреді) алынған. Қасым хан өзі билік құрған кезеңде қазақ халқының этникалық аумағын кеңейту барысында әдет-ғұрыптық заңдарға арқа сүйеді. Тіпті шариғат қағидасын мығым ұстанған отырықшы аудандар да Қасым ханның қол астына өткен соң, әдет-ғұрыпқа сүйенген қазылық биліктерге жүгіне бастады. Қасым хан өз заңында Құран талаптарына қайшы келмейтін қазақи ғұрып ерекшеліктерін сақтады. Мысалы, жеті атаға дейін үйленбеу, әмеңгерлік, құдалық жол-жоралар, қазылық билік, т.б. Ол халықтың көкейінен шыққан әрі ежелден келе жатқан билік дәстүрді, әдет-ғұрыптық «жарғыны» жаңғыртып, күшейтті. Бұл заңға енген ережелер: мүлік заңы (жер дауы, мал-мүлік дауы); қылмыс заңы (кісі өлтіру, талау, шапқыншылық жасау, ұрлық қылу); әскери заң (қосын жасақтау, аламан міндеті, қара қазан, тұлпар ат, ердің құны т.б.). елшілік жоралары (майталман шешендік, халықаралық қарым-қатынастағы сыпайылық, әдептілік, ибалылық); жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас, той, мереке, думан үстіндегі ережелер, ат жарыс, бәйге ережелері, жасауыл, бекеуіл, тұтқауыл міндеттері). |