А.Байтұрсынұлы тарихқа зор баға береді. Оны әуезе әңгіменің ең бір «Ұлысы әрі сипаттысы» деп бағалайды. «Тарихты қазақша ұлы дерек деуге, әуезе тобына жатқанмен, айғақты әуезе болады» деп жазды. Тарих ғылымының мақсаты бүкіл адамзат баласының өткені мен бүгінгісін ақиқаттап көрсету екендігін баса айтады. «Тарихтың мақсаты – бүтін адам баласының өмірі нендей табиғат заңымен өзгеретінін білу. Тарихшылар халық басынан кешкен түрлі уақиғалардың мағлұматын, сымға тартқандай, сынға салып, мінсіз етіп, дұрыстап өткізеді». Ахмет Байтұрсынұлы «тарихшылар құр істегенімен қанағаттанбай, рас, өтірігін тексеріп, расын ғана алады» – дей келе олардың биік мәртебесін ашып көрсетеді. Тарихтың тарих жазудағы әрекетін ғалымның еңбегімен салыстырады. Оның тарихтың әр салаларынан хабардар екенін көреміз.
Ойшыл бабамыз Ахмет тарихи әңгімелерді әуезенің соңғы тобына жатқызады. Оны әңгімелердің басқа түрлерімен салыстыра келе «жұрт аңыз қылып айтып жүрген әңгімелердің өтірігі көп болады. Тарихи әңгіме тарих асасына сүйенетін шын әңгіме болады» – деп тұжырымдайды.
Қорыта айтқанда, халық көсемі дәрежесіне жеткен Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы тарих ғылымының биік мәртебесін ұға білген, оның халықтың ұлттық санасын оятудағы қасиетті құрал екендігін түсіне білген ғұлама. Оның жоғарыда айтқан пайымдаулары мен тұжырымдары тарихтану теориясына қосылған үлкен үлес. Өкінішке орай, маркстік–лениндік әдіснама ғылымының кейбір ұстанымдарына қайшы келетін ұлы ойшылдың тарихи ілімдері іске аспай, сынға ұшырады. Тәуелсіздіктің туы астында жазылып жатқан ата тарихымызды жазу барысында осы айтылған ойларымызды жүзеге асырсақ нұр үстіне нұр болары анық.
Диваев Әбубәкір Ахметжанұлы (1856 –1932) – фольклортанушы, этнограф. Орынбор кадеткорпусының Азия бөлімін бітірген (1876). Алғашында Түркістан өлкесіне әскери қызметпен келіп, кейін Ташкент қаласында Әскери–халықтық басқармада қызмет еткен. А.Диваев өзбек, тәжік, парсы тілдерін меңгерген. Кадет корпусында оқып жүріп қазақ тілін үйреніп, қазақ халқының тұрмыс–салты, әдет–ғұрпына қатысты құнды материалдар, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаумен шұғылданған. Диваевтың қатысуымен 1895 жылы Қожа Ахмет Иасауи мешітінен табылған көне жазулар Түркістан өлкесі тарихын зерттеуге қосылған елеулі үлес болды. Ол тапқан көне мөрдің ортасындағы шеңберде Қожа Ахмет Иасауи есімі жазылып, «хижраның 1212 жылы» деген белгі бар, ал шеңбердің шетінде мөрді жасаушы шебердің есімі (Қожа хан) көрсетілген.
Халық аузынан Асан Қайғы, Алаша хан, Әмір Темір, Қараш батыр, т.б. туралы деректер мен қазақ халқының бесік жырын, беташарын, құдалық салтын, мақал–мәтел, толғауларын, бақсы сарынын жазып алып жариялады. Диваев жинаған нұсқалардың тағы бірі – ежелгі күнтізбе, астрономия туралы халық ұғымдары. Ол Сырдария қазақтарының өмірінен көлемді этнографиялық материалдар жинады. Қорқыт Ата бейітінің су шайып, жоғалып кету алдында тұрғанын айтып, жергілікті әкімшіліктен адамзат мәдениеті тарихындағы қымбат ескерткішті қорғауға алуды сұраған.
Диваев Шу мен Талас өңіріндегі сәулет өнері ескерткіштерін зерттеуге де зор үлес қосты. Ол «Көк кесене мавзолейі» атты еңбегінде баяндалған аңызда Ақ кесене мен Көк кесене өңірін бұдан 300 жылдай бұрын Ұса мен Зеринг бастаған қалмақтар билеп–төстегені, ал Ақ Кесене мен Көк кесене ескерткіштері қалмақтардың билігінен де бұрын болғаны, оның әскери қарауылшылар тұрақ-жай ретінде пайдаланғаны жайында аңыз–әңгімелер барлығы жайында жазады. Сондай–ақ Саңырық батыр жайында да мәліметтер келтіреді. Диваевтың ғылымға сіңірген еңбегін П.М. Мелиоранский, В.А. Гордлевский, В.В. Бартольд, т.б. ғалымдар жоғары бағалады. Оның кітаптарының біразын Қазан университеті бастырып шығарған.
-
1941-1945 жылдардағы кеңес тарихнамасы.
Екінші дүние жүзілік соғыс бүкіл кеңес елін мекендеген халықтар өмірін астан–кестенін шығарды. Тарих ғылымында да түбегейлі өзгерістер болды. Жас тарихшылардың басым көпшілгі әскер қатарына шақырылды. Орталық қалалардағы ғылыми зерттеу мекемелері мен оқу орындары елдің шығыс аударына көшірілді. Москва университетінің тарих факультеті алдымен Ашхабад қаласына, кейін Свердловскіге, КСРО ҒА тарих институты Алматы, Киев және Харьков университеттері Қызылорда қалаларына көшірілді. Бұл оқу орындары жергілкті жерлердегі ғылыми жұмыстың жандануына септігін тигізді. Соғыс ғылыми–зертту тақырыбына да өз түзетулерін еңгізді. Енді олар кеңес халқының отаншылдық сезіміне әсер ететін тақырыптарға көңіл аударды. ВКП(б) ОК тапсырмасымен тарихшылар ғылыми–көпшілік сипатындағы кітапшалар жариялай бастады. 1941 жылы КСРО ҒА жанынан белгілі тарихшылар Греков, Бахрушин, Тарле, Готье, Минц, Хвостов, Рубинштейн сияқты ғалымдаран тұратын Ғылыми насихат Бюросын құрды. Бюро мүшелері «Ұлы отан соғысы жағдайында тарихты оқыту»
деген жалпы атаумен бірнеше оқу құралдарын дайындады. Орыс тарихындағы батырлар, орыс әскерінің тарихтың әр кезеңдеріндегі жеңістері насихаттайтын мақала, кітапша жене монографиялар жазылды. Тіпті белді тарихшылар майдангерлер арасында осындай тақырыптарда лекция оқып, олардың әскери рухын көтеруге ат салысты.
Патриоттық пафос көптеген тарихи концепцияларды қайта қарауға мүмкіндік туғызды. Мұз қырғыны, Грюнвальд шайқасы, Ливон соғысы, Жеті жылдық соғыс, Севастополь қорғанысы сиқты тақырыптарға аса көңіл бөлінді. Дмитрий Донской, Пожарский, Минин, Румянцев, Кутузов сияқты тарихи есімдер газет–журнал беттерінде негізгі тақырыпқа айналды. Орыс еліне татар–монгол шапқыншылығы еске түсті. Киев Русінің әскери искусствосы, 1812 жылғы Отан соғысы туралы кітаптар жарық көрді. 1919 жылғы Петроградты қорғау, 1918 жылғы немістермен соғыс, 1918 жалғы Царицинді қорғау туралы құжаттар жарияланды. Академик М.Н. Дружинин «Фащистер және славяндар» атты кітапша жазды. 1941 жылдың 11–желтоқсанында А.С.Щербаковтың бастамасымен «Москва қорғанысы тарихы» бойынша комиссия құрылды. Мұндай комиссиялар әр жерде құрылып, соғыс тақырыбында материал жинай бастады. Жиналған материалдар кейін мемлекеттік мұрағат қорларына тапсырыды. Соғыс жылдарында кадр дайындау жұмысы тоқтаған жоқ. Жеті ірі гуманитарлық орталықтарда 220 диссертация қорғалған (олардың 116, яғни 52,7% Москва университетінде, 48 немесе 21,8% – Ленинград университетінде).
Қазақ тарихының дамуына жанашырлық жасаған Ресей ғалымдарының бірі де бірегейі Анна Михайловна Панкратова (1897– 1957). 1944 жылдан РКФСР Педагогикалық Ғылым Академиясының академигі, 1943 РКФСР мен Қазақ КСР–інің еңбек сіңірген ғылыми қайраткері, 1953 КСРО Ғылым Академиясының академигі. 1917 Одесса университетін бітірген. А.М.Панкратова Ресей жұмысшы қозғалысы мен кеңестік қоғам тарихын зерттеді. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында (1941–1945) Алматы қаласында тұрып, КСРО Ғылым Академиясының Қазақ бөлімшесінде жұмыс істеді. Қазақстанда тарих ғылымының дамуына үлкен үлес қосты. Қазақстанның алғашқы тарих оқулығын жазу ісін басқарды. Мәскеу, Ленинград және жергілікті тарихшылардың басын біріктіріп қазақ халқы үшін өте қажетті шығарманы жазуға қол жеткізді. Авторлар ұжымына А.Баевский, Е. Бекмаханов, А. Бернштам, М. Вяткин, Б. Греков, Н. Дружинин, Н. Тимофеев, А. Якунин, М. Әуэзов, Е. Исмаилов, С. Мұқанов сияқты белгілі ғалымдар кірді. Соғыс жылдарындағы ауыр материалдық және моральдық жағдайға қарамастан, одақтас республикалардың ішінде алғаш рет, осындай іргелі еңбек жарық көрді. Кітап көптеген ғылыми бастамаларға себеп болды, тарихи деректер жинақталды, ғылыми да ғылыми емес пікірталастардың тақырыбы айқындалды. Бұл еңбек жарыққа шыққаннан кейін Сталиндік сыйлыққа ұсынылғанымен, бәйгеден келмеді. «Кенесары Қасымов бастаған ұлт–азаттық көтеріліс» деп аталатын тарауы тарихшы Бекмахановтың үлесіне тиген кітап осылайша алғаш рет талқыға түсті. Алайда бұл жиында жеңгендер де, жеңілгендер де болған жоқ. Тарле, Яковлев, Бушуев сынды ғалымдар
«Қазақ ССР–інің тарихы» Ресейге қарсы ұлттық көтерілістерді дәріптеген, орысқа қарсы жазылған кітап». А.М.Панкратова Мәскеуге қайта оралғаннан кейін де Қазақстанмен байланысын үзген жоқ. Ол Е. Бекмаханов пен оның пікірлестерін жазалауға батыл қарсы шықты және кейіннен олардың қызметке орналасуларына көмектесті. Шоқан Уәлихановты ақтап алуға да көп еңбегін сіңірді.
Вяткин Михаил Порфирьевич (1895–1967), кеңес тарихшысы, профессор. 1921 жылы Томск университеттін бітірген. Көшпелі халықтардың тарихы мен Ресейдің экономикалық тарихына арналған іргелі еңбектердің авторы. 1935 жылдан бастап КСРО, Қазақстан мен Қырғызстанның тарихын зерттеумен шұғылданды. 70–тен аса ғылыми еңбектерінің көбі Қазақстан тарихына арналған. 1941 жылы Алматыға қоныс аударды. Бұл жерде ол Қазақ КСР тарихы 1–томының очеркін жазды. 1943–49 жж. Жарық көрген Қазақ КСР тарихының бірнеше тарауының авторы және редакциялық алқа мүшесі болды. Оның басшылығымен "Материалы по истории Казахской ССР" атты екі томдық кітап дайындалып, басылып шықты. Көптеген мұрағат құжаттары ғылыми айналымға кірді. Осы жылдары оның Қазақстанның революцияға дейінгі тарихына арналған "Очерки по истории Казахской ССР с древнейших времен до 1870 г."деп аталатын кітабы жарық көрді. 1948 жылы "Батыр Срым" монографиясы үшін КСРО мемлекеттік сыйлығын алды. Онда ол Сырым Датұлы бастаған қазақ халқының ұлт–азаттық көтерілісіне жан–жақты талдау жасайды. Ол Сырымның қайраткерлігіне жоғары баға берген.
Бекіту сұрақтары:
1. ХХ ғасырдың басында тарихи еңбек жазған қазақ зиялыларын ата?
2. Шәкәрім қажы қазақтану ғылымына қандай үлес қосты?
3.М.–Ж. Көпейұлы қазақ деректануына қандай үлес қосты?
4. А. Байтұрсынұлының тарих ғылымына берген бағасы?
5.Ә. А. Диваевтың қазақ этнографиясына қызығу себептері?
6. Қ.Халидтің қазақ тарихнамасына қосқан үлесі?
5.Тарихшыларға қарсы жүргізілген алғашқы репрессияның себебін түсіндір?
6. Екінші дүние жүзілік соғыс жағдайындағы тарих ғылымы?
Тарихнамалық деректер:
Покровский М.Н. "Русская история с древнейших времен” 5–ти т.), М.: 1915.
Байтұрсынов А. Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, Публ. мақалалар және әдеби зерттеу / құраст. Р.Нұрғалиев. – Алматы: Жалын, 1991. 399 бет.
Диваев Ә..Тарту. Зерттеу.Алматы,1992.
Бахрушин С.В. Очерки по истории колонизации Сибири. XVI–XVII вв. М., 1928.
Богословский М.М. Историография, мемуаристика, эпистолярия: (Науч. наследие) /АН СССР. Архив АН СССР; Сост. Черная Л.А.; Отв. ред. Клибанов. М., 1987.
Виппер Р.Ю. Большие проблемы истории. Рига, 1990.