...Әрбір сахналық көркем образ өзінің калыптасу кезеңдерінде адамның өмірге келетіні сиякты соған ұқсас жағдайларды басынан өткереді.Творчестволық процесс сәтінде ол бар, яғни «күйеу» (автор) бар.Сондай-ақ ол да бар, яғни «әйел» де автордан ұрықтанып, рольге жүкті болған орындаушы, автор шығармасының дәні бар.Ұрық — бала да (сомдалған роль) бар.Олардың тұңғыш кездесу сәттері де (артист пен рольдің) бар.Олардың бір-біріне жанасу, ғашық болу, жанжалдасу, түсініспеу, татуласу, табысу, ұрық шашу, жүкті болу кезеңдері және бар.Міне, осындай кезеңде режиссер процеске кұдағи ролінде жәрдем етеді» (К. С. Станиславский. Сочинения, Москва, «Искусство», 1985, 427—428) деп К. С. Станиславский: «Автор — әке; рольді — қалыңдық, режиссерді — құда, құдағи» ретінде танып, рольдің творчестволық акт ретінде тууын сәбидің өмірге келу процесімен салыстырады.«Рольді табиғи түрде мәпелеп өсіру, тірі адамды тәрбиелеп өсіруден кем емес, ал кейбір жағдайда одан да көп уақыт керек деп есептеймін» (там же, стр. 428) деп сахна сақиы творчество жасаудың қиын екенін айтады. Мәселен, жүкті әйелдің көңіл күйінде кездесетін небір психологиялық ауыр кезеңдер мен сын сағаттар актерде де болады. Рольдің ұрықтану мен жетілу кезеңдері оның мінезі мен көңіл күйіне, кейде тұрмысы мен тіршілігіне де елеулі әсер етеді.Міне, осы сәтте режиссер роль мен творчествоға кіндік шеше қызметін атқарып, зор қамқорлық жасайды.Ал, артистің жүкті болып босануы қалыпты жағдайда іштей пайда болса, оны күтіп, тәрбиелейтін «анасы» (артист).Алайда бізде уақытынан бұрын айы-күніне жетпей туатындар мен аборт жасатқандар, түсік тастайтындар болып тұрады. Ондай кезде өсіп-жетілмеген, толыспаған сахна кемтарлары өмірге келмек.Бір сөзбен айтқанда, сахналық тірі жаратылыстың өмірге келуі (рольдің) артистің творчестволық табиғатының органикалық шынайы актісі болып табылады.Егер кімде-кім творчество табиғатына күдік келтіріп, аталмыш шындыққа мойынсұнбай өздерінің «принцип», «негіз» және «жаңа өнер» сияқты ойдан шығарғандарың тыққыштай берсе, онда олар қатты қателеседі.«Табиғаттың өзі жаратқан дайын заңы тұрғанда, жаңадан заңдылық іздеп керегі не. Табиғат заңдылығы сахна санаткерлерін қосып айтқанда барлығына да ортақ, оны бұзу деген пақыршылық. Ондай зорлықшы- актерлер санаткер емес, еліктеуші, боямалаушы, бұрмалаушы» (там же, с. 428) деп жазады К. С. Станиславский.Демек, актер сахнада ғана емес, өмірде де табиғат заңдылығына бой ұсынып іс істеу керек екен. Ол үшін әрбір санаткер творчествоның органикалық табиғи заңдылықтарын теориялық тұрғыдан ғана түсініп қоймай, практика жүзінде зерттеп біліп мамандануға тиіс К. С. Станиславский: «Біздің табиғатымызды негізге ала отырып, сол табиғаттың өзіне қарсы ойдан шығарылған сәндік, модалық, әр түрлі «изм» сияқты кез келген жаңалықты ойнап бере алатын хас шебер мен данышпан әлі- әзір туа қоймаған шығар деп ойлаймын» (там же, с. 429) деп табиғат заңдылығына сай психотехника тәсілдерін
жете меңгеруді уағыздайды. Онсыз сахнаға қадам басуға болмайтыиын айтады. Органикалық табиғатымыздың санасыз тіршілігін сырттай бейнелеу үшін әдемі нақысты дауыс пен тұлға аппаратының икемді мүмкіншіліктері аса қажет.Дауыс пен тұлға — ішкі тебіреніс пен сыртқы техникалық шеберлігінің үндестік сипаты. Кейіпкержандылық өнері саласында тұлға тіршілігі рухани тіршілікке тәуелді күй кешеді. Сондықтан, актер тебіреніс процесін айшықтайтын ішкі аппаратқа ғана мән беріп қоймай, сезім сипатының іштен атқылаған нәтижесінің сыртқы пішіндік қасиетін бейнелеп беретін тұлға аппаратына да зер салуға тиіс. Яғни ішкі сезім мен сыртқы техникалық шеберлік қайшылықтарынан сақтанып, олардың үндестігі үшін күресу керек. Ал, осыларды іске асыратын өзіміздің органикалық табиғатымыз бен санасыздық процесі. Өмірде бұларды алмастыра алатын немесе бұларға тең келетін ерекше актерлік техника болмайды. Алайда, адам жаратылысының органикалық шынайы табиғаты мен санасыздық сипатын актер техникасымен алмастырғысы келіп жүргендер бар. Ондай болса, олар қателеседі. Терең толғаныс пен мөлдір сезімді сыртқы техника күшімен жеткізіп беру мүмкін емес. Техникалық шеберліктің шыңына жеттім деген әулие актердің өзі бойындағы бар мүмкіншілігін сарқып ойнадым дегеннің өзінде де табиғаттың шыныдай шыны бір сәтіне татымайды. Сондықтан, саналылық арқылы санасыздыққа бару — К. С. Станиславский «жүйесінің» ең негізгі күретамыры болып саналады.ТӨРТІНШІ ТЕЗИСКиелі күш «Егер де» мен «ұсынылған тосын жағдай»(Магическое «если бы» и предлагаемые обстоятельства)К. С. Станиславский «егер де» элементін — әрекет туғызушы «егер де» (действенное «если бы») немесе киелі күш «егер де» (магическое «если бы») заңдылықтары деп атаған. Сондай-ақ, ол сахна алаңында ойын өрнегін өрнектеуші актерді қоршаған айнала орта: декорация, жарық, музыканың бәрі — өмір шындығы емес, шарттылық екенін, драматургтің, режиссердің, суретшінің ойдан шығарған (вымысел) дүниесі екенін, алайда спектакль жасаушылардың оған шындық деп сеніп әрекет ету керек екенін ескерткен. Актердің өз табиғатына зорлық жасауға болмайтынын, алайда, галлюцинациялық елестен аулақ болу керектігін де қақас қалдырмайды. Жалпы К. С. Станиславский адам табиғатына, әсіресе, актер табиғатына өктемдік, зорлық жасауға қатты қарсы болған. Қайта сол табиғат заңдылығына сай сабақтас әрекет ету процесін жақтаған.
Солай десек, «егер де» деген жалғаулық сөз сахна өнерінде нені білдіреді? «Станиславский жүйесі» саласында қандай жетекші роль атқарады? Өмірде онша мән берілмейтін жалғау сөздің терең мазмұнға ие болып, жетекші мағынаға айналуының себебі неде? Сахна заңдылықтарының іргетасын қалайтын басты-басты элементтер қатарында мұның қандай көркемдік кызметі бар? Қүретамыр құдіреті неде?Сахнаға аяқ салған саналы санаткердің кез келгені, алдына: е г е р д е драматургтің ойдан шығарған дүниесі шындық болып шықса, менің не істеуім керек деген сауал қоятыны ақиқат. Ондай сауалдың қойылары хақ, қойылуы да тиіс. Сырт көзге осы сауалда тұрған дәнеңе де жоқ сияқты. Шындығында, онда тұрған не бар дейсің? Ал, шын мәніне келсек, айналасын қоршаған дүние — ақиқат емес, ойдан шығарылған шарттылык екенін әр актер білу керек. Иә, сахна — нағыз өмірдің өзі емес — айнасы, солай бола тұра суреткер үшін өмірдің өзіндей болып көрініп, солай бағалануға тиіс. Міне, К. С. Станиславский сахнадағы өмірдің дәл осы шарттылық шындығына сенім артқан. Мәселен, актер, сиқыр сөз «егер де» болмаса, кез келген затты, тіпті, ағаш үй, киіз үй дейік, осыларды творчестволық қызығу тұрғысынан емес, керісінше, салқын түрде қабылдаған болар еді. Ал, егер, ол осылардың бәрін елестету процесі деп ұқса, онда оның қиялы оянып, оның творчестволық белсенділігі артады. Демек, К. С. Станиславский актердің сөз саптау сәтінде «егер де» элементі автордың сөз астары мен ішкі ойын ашуға жәрдемдеседі деп есептеген. Өйткені, актер ойдан шығарылған автор дүниесіне мықтап сенсе, онда оның өз қиялы сол шығарманың ауа райымен біте қайнасып өмір сүреді де, ішкі көркемдік сарайын айқара ашуға творчестволық мол мүмкіндік алады. Яғни, актер, автордың ойдан шығарылған туындысын өзінің «егер десімен» байытып, дамытуға тырысады. Режиссер де, суретші де, композитор да, бір сөзбен айтқанда, гримерге дейін спектакль қабырғасын қалаушылардың күллісі өздерінің «егер де» сиқыр қуаттарымен өлшеусіз үлес қосады.«Егер де» элементінің көркемдік әсер қуатының құпиясы мынада: ол өмірде болған шындық туралы емес, болуға мүмкін шындық туралы ой толғайды... «Егер де»... Бұл элемент өз гарапынан көркемдік мағынада шешуші пікір тудыра алмайды. Тек, мәселенің шешілу принципін ғана жорамалдайды. «Солай болуы мүмкін-ау, мүмкін шығар, мүмкін...» сияқты жорамалдар төңірегінде ой топшылайды. Демек, «егер де» элементі — шамалау, мөлшерлеу, ұйғару, жорамал процесі. Яғни, автор берген материалды өз қиялында қайта жаңғыртып, қайыра тудыру деген сөз. Мәселен, біз Шекспирдің бөтен біреудің новеллаларын қайтадан жасағанын білеміз ғой. Мұнда да солай. Автор сөзіне, актер өзінің сөз астарын енгізіп, кейіпкерге деген өз көзқарасын анықтайды. Сайып келгенде, киелі күш элементі «егер де» арқылы жазушы қиялынан туған туындыны шынға балап сеніп, сол атмосферада шынайы өмір сүру. Ендеше, «егер де» элементі — жаңғыру, түлеу, төлежу процесі.
Шағын мысал. Дездемонаны буындырып өлтіруге Отеллоны итермелеген не? Намыс па? Жоқ. Қызғаныш па? Ол да емес. А. С. Пушкин: «Отелло по природе не ревнив,— напротив, он доверчив» десе, Вл. И. Немирович — Данченко «Основное в Отелло — это чистота и абсолютная доверчивость этого больного ребенка» демей ме? Ендеше, Отеллоны қылмысқа итермелеген — адалдық. «Өлтірмей оны болмайды, басқаларды алдайды» деп күңіренеді Отелло. Сонда Отеллоны ойнаған актердің алдында — «егер де» мен, Дездемонаны өлтірмесем, ол тағы біреудің көзіне шөп салады, тағы да алдайды. Дүниені арамдық пен жалғандық жайлап алады»,— дейтін әлеументтік проблема туындайды. «Егер де» элементінің қуат, құдіреті — міне, осындай. Абайлай зер салсақ, «егер де» деп сауал қоя отырып, кісі өлтіруге де, әлеуметтік мәселе де қозғауға болады екен. К. С. Станиславскийдің сөзімен айтсақ, қолбасы Отеллоны қанды мойын қылмыскер қылған «кішкентай ғана жалғыз сөз — «егер де» болып тұр. Солай десек, кішкентай сөз «егер де» құдіретке айналып кете алады екен. Сол арқылы ішкі және сыртқы әрекеттің қайшылыққа толы органикалық шынайы жан дүниесін жорамалдау арқылы ашуға қол жеткеруге болады»,— дейді К. С. Станиславский.«Оның бір ғажап жері, кез келген творчествоны сол элемент бастайды. «Егер де» бізді шындык, өмірден творчество әлеміне артист арқылы енгізетін тетік болып есептеледі» (там же, стр. 57) деп жазады К. С. Станиславский. Сондай-ақ ол — актер творчествосының әрмен қарай бірте-бірте қисынды түрде қанат жайып, өрбіп- өркендеуіне де мұрындық бола алатын элемент. «Шындығында, Отеллоның басындағы оқиға өмірдегідей рас болып шықса, мен не істер едім, қандай шара қолданар едім?»—деген сұрақ актер белсенділігін арттырып, әрекетке итермелейді. Сонда барып ойдан шығарылған актер туындысы шындық өмірге айналады. Енді К. С. Станиславскийдің өз сөзімен қорытындыласақ «Егер де» сөзі — біздің творчестволық ішкі белсенділігіміздің қоздырушысы әм қозғаушысы» (там же, стр. 60) екен.«Егер де»— жалқы емес, егіз элемент. Оның бір сыңары — «ұсынылған тосын жағдай» (предлагаемые обстоятельства). «Егер де»— творчествоны бастап беруші болса, «ұсынылған тосын жағдай»—дамытушы элемент. Бұл терминді К. С. Станиславский, А. С. Пушкиннің М. П. Погодиннің «Марфа Посадница» әм халықтық драма туралы» деген еңбегіне жазған мақаласынан алып, театр термині етіп қалыптастырған.
А. С. Пушкин «Біздің ақыл-ойымыз драма жазушысынан ұсынылған тосын жағдай арқылы өмірге келетін құштарлық ақиқатын шынға балап сезінуді қалайды» (Истина страстей, правдоподобие чувствований в предполагаемых обстоятельствах — вот чего требует наш ум от драматического писателя) деп жазған болатын.К. С. Станиславский: «Өз тарапымнан қосып айтар болсам, біздің ақыл-ойымыз да драма артисінен тап соны қалайды, бір ғана айырмашылығы, тосын жағдай жазушылар үшін болжал (предполагаемыми) болса, біздер, артистер үшін, дайын түрде — ұсынылған жағдай (предлогаемыми) болып табылады. Сөйтіп, біздің практикалық жұмыс саламызда «ұсынылған тосын жағдай» термині орнығып, біз оны пайдаланып, іс істейтін болдық» (там же, стр. 61) дейді.Сонда «ұсынылған тосын жағдайды» қалай түсінеміз? Ол не деген сөз?Бұған К. С. Станиславский: «Ол пьесаның фабуласы (қысқаша мазмұны), фактісі, оқиғасы, дәуірі, мезгілі мен оқиға өтетін жері, тіршілік жағдайы, пьесаны актер, режиссер ретінде біздің түсінігіміз, оған өз тарапымыздан қосылған мизансценамыз, қойылымымыз, суретші безендірген жиһаз бен киім-кешек, бутафория, жарық беру,шу мен дыбыс беру, тағысын тағылар, қысқасы, творчество жасау кезінде ұсынылған жағдайдың бәріне де актер зейін қою керек» (там же, стр. 62) деген сөз деп жауап береді.Біз жоғарыда «егер де» мен «ұсынылған тосын жағдай» кіндіктес, егіз элемент дедік. Енді аталмыш элементтердің қосақтық сипатын талдап көрейік. К. С. Станиславский мынандай анықтама береді: «Ұсынылған тосын да «егер де» сияқты «қиялдан туған» болжал. Екеуінің де шыққан тегі бір: «ұсынылған тосын жағдай» дегеніміз — «егер де» деген сөз, сондай-ақ «егер де» дегеніміздің өзі «ұсынылған тосын жағдай» деген сөз. Біреуі — болжал («егер де») болса, екіншісі — оны толықтырушы («ұсынылған тосын жағдай»), «Егер де» творчествоны бастаушы болса, «ұсынылған тосын жағдай» дамытушы. Олар бір-бірінсіз қозғаушы күшке де ие бола алмайды және бір-бірінсіз оқшау өмір де сүре алмайды. Алайда атқаратын функцияларында аздаған айырмашылық бар: «егер де» қиялды оятуға түрткі болса, «ұсынылған тосын жағдай»—«егер денің» негізін қалайды. Екеуі кейде бірігіп, кейде оқшау түрде ішкі серпілістің өмірге келуіне жәрдемдеседі.Ал, «құштарлық ақиқаты» деген не? -
Құштарлық ақиқаты дегеніміз — кәдімгі құштарлық ақиқат, яғни шынайылық адамның қызу құштарлығы, сезімі, артистің өмір сүруі.
-
«Сезімді шындыққа балау» (правдоподобие чувства) деген не?
-
Бұл шынайы шындықтың өзі емес, сезім мен тіршілігі де емес, былайша айтқанда, алдын ала сезінуге жақын тұрған соның туыстас көңіл күйі, шындыққа ұқсас болғандықтан шындыққа балау болып есептеледі» (там же, стр. 62) деп жазады.