Материал: Сахна жне актер маман Байсеркенов айта терген Есмакова Жанерке Алы сз

Внимание! Если размещение файла нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам
Егер шындық пен сенім актер іс-әрекетінің арқауы мен негізіне айналса, ңұр үстіне нұр. Ал, оған қол жетпеген жағдайда не істеу керек? Онда психотехниканың жәрдемі арқылы іс істеуге тура келеді. Өзің жалған деп тауып сенбеген нәрсеңді сахнаға шығаруға болмайды ғой. Сонда шындық пен сенім процесін ішкі түйсік пең сезінуден, яғни артист — адамның психикалық тіршілік саласынан іздеу керек пе? Алайда ішкі сезім дүниесі өте күрделі, сынаптай сырғанақ, кірпияз келеді. «Сену керек, шындықты тұщыну керек» деген әмір мен әкімшілдікке көне бермейді. Шындық пен сенім адамның рухани ішкі сарайында еш зорлықсыз өздігінен пайда болады, не болмаса психотехника арқылы қиын жолдармен жасалынады. Демек, сахналық шындық пен сенімге апаратын жол — түйсік пен сезіну, яғни актердің психологиялық тіршілігі емес.К. С. Станиславсқий: «Шындық пен сенімді ең кішкентай, ең карапайым қимыл-іс мұраты мен әрекеттер бойынша тән саласын ояту арқылы іздеп-табу оңай. Өйткені, қимыл-іс пен әрекет әрі көрнекі, әрі түсінікті болғандықтан сана мен бұйрыққа тез бағынады. Сондай- ақ қимыл-іс пен әрекетті қазықтау да оңай. Роль сомдау үшін солардың көмегіне жүгінетініміз де сондықтан» (там же, с. 198) деп сахна сардары шындық пен сенімге тек, тән тіршілігі — қимыл-іс пен әрекет арқылы қол жеткеруге болатынын анықтайды. Тек, қимыл-іс әрекеті арқылы дәлелденген шындық қана сахнада өмір сүрмек.Сахна өнерінде шындық процесі — зейін шеңбері сияқты кішкене шындық, үлкен шындық, ең үлкен шындық болып жік-жікке бөлінеді. Мәселен, Гамлеттің әлемдік ең үлкен шындығын көпшілік алдына шыға салып, бірден «өңгеріп» кету ұлы актердің де маңдайына жазылмаған қасиет. Гамлеттің үлкен шындығына жету үшін алдымен кішкене шындықка сеніп барып, бірте- бірте биіктеп, баспалдақтау әдісі арқылы үлкен шындыққа жол салу керек. К. С. Станиславский: «Егер әйдік әрекет пен бүтіндей үлкен шындыққа құшағың жетпесе, онда оларды жік-жікке бөліп, солардың ішіндегі ең кішкене деген шындығына сеніп барып, іс қылуға тырысып бақ» (там же, с. 201) деп айтқан ғой. Қас қағымдық сенім мен кішкене шындықты түйсіну сәті актерді үлкен шындыққа жетелейді. Сондықтан: «Сахнадағы істелетін ісіңнің негізін қалағың келсе, кішкене қимыл-іс әрекетін тәрк етпей, шындық пен сенімнің пайдасына ұйғара білуді үйреніңіздер» (там же, с. 203) дейтін ұстаз пікірін басшылыққа алған парыз. Сахнада кішкене қимыл-іс әрекеті мен кішкене қимыл-іс шындығына сеніп іс қылу сипаты драма мен трагедияның қарапайым тұстарында ғана емес, шарықтау тұстарында да зор маңыз атқарады. Мәселен, Гамлет әкесін өлтірген кісі — ағасы Клавдий екенін әкесінің аруағынан естіп, одан шешесінің опасыз екеніне (жалпы әйел баласы) көз жеткеріп, өтірік есалаң болып көрініп, Полонийді өлтіріп барып, үлкен шындық — Дат елі зұлымдық мекені екенін білгеннен соң арамдықпен ақтық айқасқа шықпай ма? Рольдің қимыл-іс тіршілігінің өрілу желісі табиғи сабақтастық сақтай отырып, қимыл-іс әрекетінің барлық кезеңдерін көктей өтіп, баспалдақтау тәсілі арқылы трагедиялық шыңға көтерілмей ме? Тарқатып айтқанда, кесек қимыл, үлкен шындыққа — кішкене қимыл- іс әрекеті мен кішкене шындық арқылы сатылап, биіктеген абзал.
Тағы бір мысал. «Макбет» трагедиясының шарықтау (кульминадия) тұсында леди Макбет не істеуші еді? Қолға жұққан қанды жуу арқылы ең қарапайым қимыл- іс әрекетімен айналыспаушы ма еді? Кішкене қимыл-іс әрекеті: қолға жұққан қанды жуу арқылы үлкен қимыл- іс әрекеті: атақ құмарлыққа, тақ құмарлыққа ұмтылу шындығы желі тартпай ма?Демек, ішкі тасқын құлшыныс (леди Макбеттің атақ құмарлық пиғылы) арнасы кішкене қимыл-іс әрекетінің жәрдемі арқылы ілгерілеп, үлкен шындық қуатына ие болады.Сөйтіп, жан мен тәннің, әрекет пен сезімнің өзара бірлік әрекеті пайда болып, солардың арқасында сырт (тән) ішке жәрдем етіп, іш (жан) сыртқа қозғау салып: қолға жұққан қанды жуу арқылы леди Макбеттің атақ құмарлық пиғылын іске асыруға көмектессе, ал оның атақ құмарлыққа ұмтылған пиғылы қолға жұққан қанды жууға мәжбүр етеді. Қолға жұққан қанды жуу сияқты кішкентай ғана детальдық қимыл-іс әрекеті леди Макбеттің келешекте бұдан да зор қылмыска ниет еткен дайындық процесін әйгілеп тұр. Солай десек, кішкене қимыл-іс әрекеті—сенім мен шындықты ұйымдастырушы жетекші элемент. В. Шекспир сияқты дауылды драматургтің құрыш қаламынан шыққан тегеуріні темірдей трагедиясының ішкі психологиялық сұрапыл қуатына төтеп беру үшін актер өзінің творчесволық мүмкіншілігін адам төзбейтін ширығу сатысына көтеру керек. Сонда, тек, творчестволық еліктіру арқылы пайда болатын асқақ кейіпкержандылық процесін еріктен тыс зорлап тудыруға бола ма? Немесе зауықтың қалауымен еш зорлықсыз табиғи түрде өмірге келетін экстаз құбылысын қысым жасау арқылы тудыру мүмкін бе? Ол мүмкін емес. Зорлық пен қысым арқылы туатын табиғатқа қайшы тәсіл, шынайы сезім орнына актерлік әсіреқызыл кәсіпқойлық үлгісі мен бұлшық еттердің сіресуі, дененің қақаюы сияқты кінәраттарға соқтырады. Ал, аталмыш кемшіліктерді сахнада қайталау — дағдыға айналған дерт.Міне, осындай кемшіліктер мен қателіктерге ұрынбас үшін белгілі бір көрнекті, тұрақты, ақиқат себеп- салдарды іздеп тауып, соған арқа сүйеуіміз керек. Сондай себеп-салдардьщ ең сенімді көркемдік құралы— әрі анық, әрі нақпа-нақ, әрі толғаныс тудырып оңай орындалатын қимыл-іс әрекеті болмақ. Актер творчествосын кәсіпқойлық пен таптаурындылық зардаптарынан арашалайтын да, творчестволық қиын сәттерде жалған жолға түсірмей тура бағыт сілтейтін де — қимыл-іс әрекеті.Сахна өнерінде қарапайым ғана кішкене қимыл-іс әрекетінің құнын арттырып, бағасын онан сайын көтеретін тағы бір жағдайлар бар.Ол жағдайдың түрі мынау: егер сіз актерге ойнайтын ролінің мақсат-мұраты күрделі екенін, әрекет арқауы терең психологияға негізделінгенін, трагедиялық планда ойлану керек екенін ескертсеніз-ақ болғаны, актер сол заматта-ақ сіресе қалып, құштарлықтың қызуына басып, сезімді «сығып» шығаруға күш салып жанталаса бастайды.
Ал, егер актерге жәй ғана қимыл-іс әрекетін ұсынып, әрі қызық, әрі толғанысқа салатын ұсынылған тосын жағдайлармен еліктірсен, ол ешбір қысылып-қымтырылмай-ақ драма немесе трагедия ойнап жүргенін, астара психологияға толы екенін ойланбастан бірден әрекет етуге көшеді.Міне, сол кезде барып сезім шындығы өзінің қожалығына басыбайлы ие болып, актер психотехникасынтудырады. Ал, актер психотехникасы санаткер творчествосының аса маңызды күретамыр кезеңі болғандықтан өктемдікті ұнатпайды, бап тілейді. Адам баласының сағыныш сарайын мекендейтін нәзік сезім — әрі үркек, әрі күйреуік келеді. Қатты қимыл, қауырт зорлық үкідей үлбіреген тәтті сезімді не үркітіп, не күйретіп жібереді. К. С. Станиславский сезім процесіне айрықша ыстық іңкәрлікпен ықылас қойып, оны асық жардай аялап, сәбидей әлпештеген. Сахна санаткерлерінен де сондай көзқарасты талап еткен. Одағайлыққа салып ішкі сезімді зорлап «сығып» шығаруға күш салмай, пьесаның сюжеттік желісінен пайда болған ұсынылған тосын жағдайлар бойынша оңтайлы істелген қимыл-іс әрекеті арқылы ғана сезім сарайына бас сұғуға болатынын қағида қылып айтып кеткен. Бұдан шығатын қорытынды: трагедияның шарықтау шыңына ісіп-кеуіп тырсимай, күшеніп зорланбай, күйгелектеніп жұлқынбай, қимыл- іс әрекетінің әрбір кішкене және үлкен шындығын шынайы сезініп, олардың қисын мен сабақтастық өзара байланыс принципін берік сақтай отырып, баспалдақтай биіктеген абзал.Осылай сезімнің техникалық оңтайлы орайын толық меңгеріп барып, драмалық әм трагедиялық шарықтау шыңына иек артуға болады. Солай десек, киелі күш «егер де» мен «ұсынылған тосын жағдай»—қимыл-іс әрекетін тудырады. Әрекет желісін қызу жандандырып, іс жүзінде оның кызметін дәйектеп, дәлелдейтін де солар. Қимыл-іс әрекеті — сезім мен шындықты өмірге әкеледі. Шындықтан — сенім пайда болады. Шындық сендіреді. Өз кезегіне орай, сенім шындықты жасайды. К. С. Станиславскийдің барлық егіз элементтері сияқты бұлар да кіндіктес элементтер. Актер әрекеті кезінде олар бірін-бірі толықтырып, қуаттай отырып жарыса дамиды. Бір-бірінен әсте ажырамайды. Қосақтаулы күйі қос мекенді ғұмыр сүреді. Барлығының өріс негізі — қимыл-іс әрекеті.Солай болғандықтан да, К. С. Станиславский қимыл- іс әрекетіне ғашықтық көзбен, ыстық іңкәрлікпен назар салған. Бұған: «Біз кіші және үлкен қимыл-іс әрекетін көрнекілігі әм сара шындығы үшін сүйеміз; өйткені, олар біздің тән тіршілігімізді тудырады, ал тән — күллі рольдің жарты тіршілігі.
Біздің қимыл-іс әрекетін сүйетін себебіміз, бізді рольдің қарбалас тіршілігі мен оның сезім дүниесіне елеусізтүрде оп-оңай ендіріп жібере алатындығынан болар. Оны тағы да сүйетін себебіміз, артист зейінін роль, пьеса, сахна саласында мықтап ұстап тұруға ғана жәрдемдесіп қоймай, артист зейінін тұрақты, қуатты әм дұрыс қалыпқа түскен рольдің желісіне бағыт беретіндігі үшін де шығар» (там же, с. 206) деп жазған сөзі куә.Сахна алаңында шындық процесін жайыңмен ғана емес, тәніңмен қоса сезіну деген рақат қой! Жан мен тәннің ажырамас байланысы сезім мен қимыл-істің гармониялық үндестігін тудырып, сахна кейіпкерінің ішкі, сыртқы көркемдік тұлғасын сомдайды.Қимыл-іс әрекетінің аса маңызды тағы бір құрамдас бөлігі — қисын мен сабақтастық.К. С. Станиславский: «Қимыл-іс әрекетіне қисын мен сабақтастық та атсалысады; ол қимыл-іс әрекетінің реттік, жүйелік, мағыналық сипатын өмірге әкеліп, шынайы, жемісті әрі мақсатқа сай әрекетті оятуға жәрдемдеседі» (там же, с. 207) деп жазады.Алайда, қимыл-іс әрекетінің «механикалық» қисыны мен сабақтастық түрі болады. «Механикалық» қисын мен сабақтастық мағынасы өмірде бір нәрсені жиі қайталаудан дағдыға айналған машықты айтады. Мәселен, біреуге хат жазу қажеттілігі пайда болды делік. Ол үшін конвертті желімдеуден бастамаймыз ғой. Алдымен қалам, қағазды дайындап алып, не жазу керек екенін ойланамыз. Ақыры, айтатын ойымызды жазып болып, конвертке салып, сыртына адресін толтырып, содан соң барып конвертті желімдейміз. Неге олай істейміз? Өйткені, істелер істің рет-ретіне, яғни басталу қисыны мен аяқталар сабақтастығына бағынып, жүйелі түрде іс істейміз. Аталмыш әрекетте қисын мен сабақтастық бар.Ал, сахнада роль ойнап жүрген актерлер хатты қалай жазады? Олардың көпшілігі орындыққа отыра қалып, қаламдарын ойқастатып, айбақ-сайбақ қылып бірдеңені шимайлаған сыңай танытып, қалай болса солай конвертке сала салып желімдейтін жерін ернімен жалап, стол үстіне тастай салмай ма? Және осылардың бәрін асығыс-үсігіс жасағандықтан әрекетінде не рет тәртібі, не қисын мен сабақтастығы бола бермейді. Нәтижесінде, көрермен қауым сенуден қалып, пұшайман болады. Сондықтан актердің сахнада аттаған әрбір қадамы — шындық пен сенім желісіне көгенделіп, қисын мен сабақтастыққа табан тіреуге тиіс.Тағы бір мысал. Адам асқа отырған кезде айыр мен қасықты қалай ұстап, қалай пайдалану керек екенінойлап, бас қатырып жатпайды. Әдеттегі дағды бойынша механикалық түрде ойланбастан әрекет етеді. Алайда, осылардың бәрі қисын мен сабақтастық бойынша істелінетінін тамақтанған адам түйсік арқылы сезіп, түсініп отырады.
Сонда қисынға сай механикалық түрде істелген дағдылы әрекетті қадағалап отыратын кім?Қисынға сай механикалық түрде істелетін әрекетті бақылауға алатын сана астында тіршілік ететін қырағы зейін мен өзін-өзі тексеру түйсігі,— дейді К. С. Станиславский.Механикалық әрекет өмірде осындай жолдар арқылы істеледі.Ал, сахнада жағдай мүлде басқаша. Сахна алаңында біз, өмірде өзімізге қажет нәрсені істемейміз, автор мен режиссердің тапсырмасын орындаймыз.Хош. Сонда әрекетке барған актер қандай әдіспен іс істеу керек?Бұл сауалға К. С. Станиславский: «Қимыл-іс әрекетінің әрбір кезеңін саналылық, қисын мен сабақтастық арқылы тексере отырып, механикалықпен алмастыру бойынша іс қылу керек» (там же, с. 209) деп жауап береді. Қисын мен сабақтастық арнасы арқылы өріс алатын қимыл-іс әрекеті жалғандыққа жол бермейді. Өйткені, сенім мен шындық, қисын мен сабақтастық қажеттілігі шынайы әрекет кезінде: би, зауық, сезім, қажыр процестерін тудырып, актер ойын өрнегінің көркемдігін өрістетіп, қызу қуаттауға жәрдем етеді.«Осыларды, әсіресе, оның ішінде — зейінді тәртіпке келтіретін де қисын мен сабақтастық» (там же, с. 209) дейді К. С. Станиславский. Сахна алаңында артистің күллі кісілік табиғаты қисын мен сабақтастыққа сай нағыз шындық пен сенім бойынша іс қылғанда ғана кейіпкержандылық өз билігінен көрінбек. Аталмыш элементтің көркемдік маңызы мен сахналық сипаты осындай қасиетімен бағаланады. Актерді істеген ісінің қисынын біліп, сабақтастығын талдап, тарқата білуге, сөйтіп, рольдің тегі мен төіркінін терең тануға үйретеді. Сахна алаңында ойын өрнегін қадағалап отырған көрермен қауым, актер әрекетінің шындығына әрі қисыны мен сабақтастығына жіті назар аударады. Өз әрекетіне актер сенбесе, көрермен де сенбейді. Сондықтан да К. С. Станиславский: «Әрбір әрекет сайын көрерменге қисын мен сабақтастықты жеткізіңдер» (там же, с. 212) деп жар салудан танбаған.Біз бұған дейін қимыл-іс әрекетінің қисын мен сабақтастығының көрнекі, анық, түсінікті яғни қөзге түсетін сыртқы белгілеірін анықтадық. Енді оңың көзге түспейтін, ұстатпайтын, анық емес ішкі сезімдік тұрлаусыз сипатын анықтап көрелік. Әрине, қимыл-іс әрекетінің аталмыш түрі біріншіге қарағанда анағұрлым күрделі.К. С. Станиславский: «Сезімнің қисыны мен сабақтастығы әм табиғаты туралы айтып беру: оңай шаруа емес! Аталмыш аса күрделі психологиялық мәселе — ғылымның ең аз зерттеп, осы салада ешбір негіз бен практикалық көрсеткіш қалдырмаған саласы.
Источник: https://files.student-it.ru/previewfile/240647