Әрі қарапайым, әрі әсем сөйлей білу — белгілі бір мызғымайтын өз заңына негізделген тұтас іліми кафедра.Тіл — адамның ой парасатының шешен шежіресі. Амал не, адам баласының ой қазынасын ақтарып алдыңа жайып салатын тіл құдіреті мен тіл қасиетінің қызметін олақ пайдаланамыз. Ал, ақиқатына келсек, әр буын, әр бунақ, әр сөз, әр сөйлемнің өз табиғаты, өз жан дүниесі бар. Біз сөздің осындай сиқыр сарайы мен тылсым құпиясына атүсті қараймыз. Соның салдарынан өмірде қалай сөйлесек, сахнада да солай сөйлейміз. Өйткені, өмірдегі өзіміздің сөз саптасымызға құлағымыз үйреніп кеткен. Сөздің астарына үңіліп, үніне құлақ аспаймыз. Оларды былай қойғанда, дауысты дыбыс пен дауыссыз дыбыстың үндестік заңын білмегендіктен олардың қалай айтылуын да ажырата алмаймыз. К. С. Станиславский аса жоғары бағалаған зиялы сөз зергері С. М. Волконский өзінің атақты «Бейнелі сөз» деген еңбегінде: «дауысты дыбыс — өзен болса, дауыссыз дыбыс — жағалау»,—деп дыбыстың әуендік, үндік сипатына дейін терең үңілсе, режиссеріміз бен актерлеріміздің көпшілігі аққан өзенді арнасынан шығарып алып, жағалауын тасқын астында қалдырып жатады. С. М. Волконский бейнелеп айтқандай, көктемде тасыған өзен кедергіге кездесіп, арнасынан адасса, жағалауын жуып аңғарын бүлдірмей ме? Дауысты дыбыста сол сияқты — өзінің ішкі әуендік ағысы кедергіге соқтығып кідірсе, үннен айрылады. Жағалау жартасқа соғылған әсем әуен — жағымсыз жаңғырық шығарады. Ұлы Абай: «Жартасқа бардым, күнде айғай салдым, одан да шықты жаңғырық!»—деп біліп айтқан. Жаңғырық үні — жабайы да жарықшақ. Ендеше, «дауысты дыбыстың аққан өзенін — дауыссыз дыбыстың жағалауына» жайып алмай, өз арнасында ұстау — көркемдік шарты. Сахналық туындының идеялық мазмұн-мағынасы сөйленген сөз арқылы жететінін есте сақтау лазым. Сөз кейіпкердің — жан дүниесі. Кейіпкердің толғанысы мен тіршілігі, сезімі мен секемі сөз арқылы кестеленеді.К. С. Станиславский тіл ұстарту үшін әріптерді бас- басына жеке-дара зерттеуден бастау керек екенін айтады. (Өзі де содан бастаған ғой). Ол: «дауысты дыбыстардың тегі мен төркіні — әуен, дауыссыз дыбыстарда саздылық аз болады»—деп, жаттығуды дауыссыз дыбыстардан, онда да қатаң, ұяң түрінен бастаса керек. Әсіресе, олардың әуезділігі мен саздылығына баса назар аударған. Дауысты дыбыс пен дауыссыз дыбыстардың аралас келетін тұстарындағы дауыссыз дыбыстың тіл тірейтін тұтқырлығын саздылыққа көшіру тәсілдерін іздеген. Ол үшін белгілі әншілермен пікір алысып, музыка заңдылықтарын тынбай зерттеген. Сөз бен саздың сабақтастығын, әуендік байланысын, үзілмейтін үндік желісін заңдастыруды армандап, алдына мақсат қойған. Әуелі әр әріптің көмейге, таңдайға, тілге, тіске, ерін мен кеңсірікке апаратын қуыс жолдары — а к у с т и к а с ы н , оның дыбыс шығаратын табиғатын ерінбей ұзақ жылдар бойы әдейілеп зерттеген. Ол үшін неше түрлі жаттығулар ойлап тапқан. Нәтижесінде, опера әншілері дауыс қойып үнін, дауыс қуатын дамытса, драма артистері де сахнадан дұрыс сөйлеу үшін әріптің дыбысын қоюдан бастау керек деген қорытындыға келеді.
«Әріптің жанын сезінбеген адам, сөздің де жанын сезіне алмайды, сондай-ақ сөйлем мен ойдың да жан дүниесін сезінбек емес» (там же, с. 71) деп әріптің, сөздің, сөйлемнің өзіне тән жан дүниесі болатынын, ал актер мұраты — солардың ішкі сарайын ашып, қазынасын ақтару екенін айтады К. С. Станиславский. Актер тіршілік иесі болғандықтан сөйлеген сөзіне де жан кіргізуге міндетті деп ұққан ұлы ұстаз, сахна лексиконына: өлі сөз, тірі сөз дейтін ұғым енгізді. К. С. Станиславскийдің сүйікті шәкірті М. Чехов ұстазынан да асып түсті. Ол: әріптерде жан тұрмақ, олардың түсі де болады,— деді. Сөйтіп, ол әріптерді жіктеп, түс-түске бөлді. М. Чеховтың айтуынша, әріптердің әуезділігін түсіне қарап ажыратуға болады екен. Үн-әуенін былай қойғанда, тіпті өлшем-ырғақ мөлшерін де түсінен анықтауға мүмкіншілік бар болса керек. Алайда, тосын көрінетін мұндай құбылысқа тосырқап қарауға болмайды. Атақты композитор Скрябин де музыкалық әуеннің түсі болатынын тұңғыш рет трагик актриса Алиса Кооненге айтып, таң қалдырған ғой. Ал, кәзір сол іске асып, түсті музыка аспаптары мен түсті музыка аппараттары тіршілігімізге араласып кетті. Демек, М. Чехов та бірдеңе біліп айтқан болар. Бірақ, бір өкініштісі — айтылды да қалды. Идеясын аяқтауға елін тастап, Америкаға біржола жер ауған М. Чеховтың күнкөрістен әрі мұршасы болмады...«Даусың дұрыс қойылған екен, ендеше сөйлеген сөзіңді де ән салғандай қып айт»—деп уағыз айтқан атақты шет елдік бір әншінің сөзін К. С. Станиславский лұғат тұтып, ән сабағы мен сахна тілі сабағын қосып оқыту керек деген пікіріге де келеді. Өйткені, ән сабағының мұғалімі көбінесе дауысты дыбыстарға айрықша көңіл бөліп, дауыссыз дыбыстарға мән бермейді. Ал, сахна тілінің мұғалімдері керісінше, дауыссыз дыбыстарға назар аударады. Екеуі бірігіп іс істесе, бірін-бірі толықтырып, өнерге пайда келтірер еді деген ой айтады. К. С. Станиславский дауыс пен тілді қатар қойған. Анық сөз, айшықты сөз, ашық үн, асқақ дауыс — сахна сәні деп есептеген. Айтты-айтпады, сөз сұлуы мен үн әсемдігі актер творчествосында басты роль атқарады.Иә, актер өмірінде әр түрлі жағдайлар бола береді. Кейбір актердің әдемі үні бола тұра дауыс күші әлсіз болады. Залдағы бесінші қатардан әрі аса алмайды. Алдыңғы қатарға жеткен дауыс, артқы қатарға жетпей жатады. Дауыс жетпеген соң, көрермендер жөтеліп, шашалып шулай бастайды. Амалы құрыған актер амалсыз айғайға басады. Нәтижесінде, биіктігі шамалы әдемі дауыс зорығып тамақ жыртылып, қарлығады. Актердің сөз айшығы бұзылып, ролінің әуендік жан дүниесіне жарақат түседі. Сөйтіп, көрермендерді ләззатқа бөлей алмайды.
Кейде төменгі дауысы (регистр) мен жоғарғы дауысы бірдей күшті актерлер болады. Алайда үнінде табиғи жарықшақтар болғандықтан дауыс саздылығы онша рәуішті бола бермейді. Жоғарғы үні сырылдап, төменгі үні қырылдап құлаққа аса жағымсыз естіледі. Бұдан да көрермендердің рақат ала алмасы бесенеден белгілі.Сондықтан дұрыс қойылған дауыс, дұрыс қойылған дем, бырысу мен тырысу, сіресу мен қақаюдан арылған өңештің бұлшық еттері мен ерін артикуляциясы, ең соңында,— дәрігерлік ем — артистің дауыс баптап, тіл ұстартуына зор пайдасын тигізбек.Сахнаға аяқ салған актер — дейді реформатор — жүріп-тұруды, көріп-білуді, әрекет етуді, айналасымен ;қарым-қатынас жасауды, әрі-беріден соң майын тамызып сөйлеп беруді басынан бастап қайтадан үйрену керек. «Артист тілдің қыры-сырын мүлтіксіз білуге тиіс. Егер тіл татымсыз болса, сахнадағы тәтті тіршілігің зая кетеді. Бірінші класты артист құлақ күйі келмеген аспапта ойнамас болар» (там же, с. 81) деп К. С. Станиславский қанша кақсаса да, сахнадағы тіл мәдениеті әлі күн өрге баспай келе жатыр. Жалаң декламация,жалған пафос, құрғақ баяндама көз аштырмайтын болды. Сахнадан сөйлеген сылдыр сөзден көрермен мезі болып бітті. Асығып-аптығып, сөзінің аяғын жұтып жұлмалап, жұлқып сөйлеген жаралы сөздерді естігенде жаның жабырқайды. Жалаулаған жасық сөздің жаныңа батқаны сондай — жадап-жүдеп, күйзелмеске шараң жоқ. Актерлер ыңыранып сөйлесе, актрисалар ыңырсып сөйлеуді әдетке айналдырып алған. Ыңыранғаны-толғанғаны, ыңырсығаны — жүректің қылын шерткен нәзіктікта бейнелегені болып саналады. Ал, ақырып-бақырып сөйлеу - бұлжымайтын модаға айналды. Ақырғаны — айбаттанғаны, бақырғаны — шабыттанғаны болып жүр. Кейде ысылдап сөйлесек, ара-арасында тіс арасынан сыздықтатып ысқырып қоятынды шығардық. Кейде сыбырлап, баз-базда жыбырлап сөйлегенді де өнер тұттық. Сыбырласқанымыз—сыр шерткеніміз, жыбырласқанымыз - кұпияласқанымыз болып әбден қалыптасты. Тамағымыз қырылдап, өкпеміз сырылдаса—сөздің саздылығы, үннің әуезділігі деп ұғатын болдық. Кейде сөздің басын естіртпей сыдыртып өте шықсақ, ортасы» дауысқа салып мөңкітіп, аяғын тоқ еткізіп тұқырта сала- тыпды таптық. Сөз бен сөйлемдегі буын мен бунақтың бұзылуы, әріптердің түсіп қалуы, интонациялық әуезділік пен өлшем-ырғақтың ауытқуы сияқты ірілі-уақты кінараттарды байқағанда, К. С. Станиславский: «Сөздің буын мен бунағының түсіп қалуы — тісі түсіп, көзі шығып
, мұрны кесіліп шұнтиып, құлағы кесіліп құнтиып қалған кембағал адамға ұқсайды» деп ашуға булыққан.Айта берсек себеп те көп, салдар да көп.Солардың басты себептерінің бірі мыналар сияқты.Адам өмірде не сөйлесе де белгілі бір мақсатпен сөйлейді. Біреуге бірдеңе беру үшін, не болмаса алу үшін іс істеп, қарым-қатынас жасайды. Тіпті болмаса, уақыт өткізу үшін әңгіме-дүкен құрады. Қыл-қысқасы, алдарына максат қойып, іс істейді.Ал, сахнада ше? Сахнада олай емес. Сахнада біз, автор, жазып берген «бөтен» біреудің сөзін айтамыз. Көпшілік жағдайда зауқымыз соқпайтын «керексіз» сөздерді айтуға мәжбүр боламыз. Сондықтан автордың айтар ойына да, көркемдеген сөзіне де қызықпаймыз. Ең бастысы — сенбейміз. Алдына қойған мақсаты, айтатын ойы болмаған соң, әрине, сөз — сөз күйінде қалады.Ал, өмірде адам шын сөйлесіп, шын сұхбаттасады. Қоршаған айналасымен қарым-қатынас жасайды, сезінеді, тұшынады, көрген-білгенін ой елегінен өткізіп, елеп-екшейді. Сахнада болса, кейіпкеріміздің сезінбеген, көрмеген, білмеген, ойламаған дүниесін айтқызуға зорлайды.«Өмірде біз өзімізге қажет, әрі қызық болған нәрсеге шындап құлақ асамыз. Ал, сахнада көпшілік жағдайда зейін қойып, тыңдап тұрған сыңай танытамыз. Тіпті іс жүзіне келгенде бөтен біреудің ой дүниесіне терең бойлап, партнеріміз бен роліміздің сөздерін сіңіруге де ден қойып мұқтаждық таныта бермейміз. Өзімізге өзіміз зорлап істетеміз. Ал, көпшілік жағдайда мұндай өктемдіктің ақыры кәсіпқойлық пен таптаурындылыққа апарып соғады» (там же, с. 82) деп жазады К. С. Станиславский. Бұл — бір.Екінші. Жиі-жиі жасалған репетициялар мен қайта- қайта қойылған спектакльдердің нәтижесінде актерлер, сыдыртып сөздің өзін ғана сөйлеуге төселіп алады да, сөздің ішкі мазмұнына мән бермейді. Рольдің ішкі олқылығын бос сөзбен толтыруға тырысады. Сөйтіп, бара-бара сылдыр сөз сөйлеуге үйреніп, әдеттеніп алады. Егер актердің осы әдетіне еркіндік берілсе, ол творчество жасаудан қалып, баяндамашыға айналады. Өнердегі мұндай құбылысты К. С. Станиславский: «Мұндай актерлер үшін рольдің идеясы мен сезімі — өгей бала сияқты да, ал сөз — өз баласы сияқты» (там же, с. 83)деп кейістік білдіріп, келеке қылған. Демек, олар шығарма мен образдың идеясы мен мазмұны үшін емес, тілдің тақылдаған техникасы мен декламациялық сыртқы мәнері үшін күреседі. Сөздің дыбыстық табиғатына, ашық айтылуына ғана назар аударады. Әрине, мұндай актерлердін шынайы өнерге қатысы да шамалы. Сондықтан, актер өзіне творчестволық қатаң талап қоя білуге тиіс. Өнер шарты — тәртіп. Келесі мәселе — сахнадан судыратып бос сөз сөйлемеу үшін талдау арқылы зерттеу процесін бастан кешу керек. Оның алғы шарты сөз а с т а р ы н ашу.
«Сөз астары деген көзге бадыраймай, тек сөз астары арқылы тоқтаусыз ағып, «адамның рухани тіршілігін» үнемі тірілтіп, айқындап отыратын ішкі сезім дүниесі. Сөз астары пьеса мен рольдің әр қилы ішкі желісінен, киелі күш «егер денің» матасуынан, қиял тудырған ой мен «ұсынылған тосын жағдайдан», «ішкі әрекет», «зейін нысанасы», ірілі-уақты «шындық пен сенім», «амал-айла» және сондай көптеген т. б. элементтерден туындайды.Аталмыш желі кәдімгі ширатылған жіп сияқты өте- күрделі жағдайда сахна заңдылығына сай өзара байланысты болады. Сол шиеленіскен күйі пьесаның бүкіл өзегін бойлап, ақырғы көкейкесті мақсатқа апарады.Су асты ағысы сияқты сөз астарының күллі арнасы бойымен сезім бұлағы ағып өткенде барып, пьеса мен рольдің әрекет арқауы пайда болады. Әрекет арқауы, тек қимыл-іс қуаты арқылы ғана емес, сөз құдіреті арқылы да іс атқарады: дене мүшесінің қозғалысы ғана емес, дыбыс әуезі арқылы да, сөз өрнегі арқылы да әрекет ете алады.Әрекет тұрғысынан әрекет арқауы деп атасақ, тіл: тұрғысынан сөз астары деп атаймыз» (там же, с. 84) деп К. С. Станиславский сөз астарының табиғатын әрекетпен байланыстырады. Демек, сылдыр сөзден бойды аулақ салудың алғы шарты — сөз астарын ашу. Сөз астарының қатпары-қалың. Оның қалың қатпарлы қабат- қабат іргетасын К. С. Станиславский айтқан пьеса мен рольдің оқиға желісі, сезім байлығы, ұсынылған тосын жағдай, ішкі әрекет қуаты, зейін нысанасы, шындық пен сенім, қиял көзі сияқты көптеген элементтер шоғыры қалайды. Олар сөздің маңызы мен мазмұнын тудырса, маңыз бен мазмұн — ой мен сезімді өмірге әкеледі. Ал сөздің үні мен әуенін, ішкі саздылығын ой мен қиял әм сезім дүниесі тудырады. Сайып келгенде, бәрінің бастау байлығы сөз. Біздің бес сезімімізді де қоздыратын сөз. Мәселен, музыкалық шығарманың атын атасаңыз болғаны, құлағыңызға сол музыканың үні естілмей ме? Немесе, сүйсініп жейтін дәміңізді есіңізге алып көріңіз сөзжоқ, сілекейіңіз шұбырады. Тіпті болмаса, ең сүйікті суретшінің атын ауызға алып көр, көзіңе оның суреті елестейді. Яғни, есту мен көру образдары құлағың мен көз алдыңа келсе, астың дәмін сезесің. Бұл сөздің әсері, сөздің құдіреті. Ендеше, сахнада жансыз, сезімсіз сөз- болмау керек. Сондай-ақ идеясыз, әрекетсіз де сөз болмауға тиіс. Артист сахна алаңынан қасындағы партнері арқылы сезім дүниесінің күллісі —зауық, ой, ішкі құштарлық, қиял тудырған образдың бітімі, есту мен көру сияқты бес сезімнің бәрі қатысқан қуаты арқылы көрермендердің жан сарайына қозғау салады. Олай болса,сөздің өзі емес, оның ішкі мазмұны яғни сөз а с т а р ы қымбат. Осыны мұқият есте ұстаған абзал. Өкінішке орай, біз, сахнаға аяқ салар-салмастан аталмыш қағиданы естен шығарып аламыз. Сахнада артист ойын-өрнек үлгісіне түсіп, оның жалындаған ыстық сезімімен суарылмаған пьеса, әл-әзір сомдалған туындылар қатарына жатпайды. Мәселен, концерт залында оркестр орындамаса, жазылып біткен музыкалық партитура симфония болып саналмайды ғой. Сахнада ойналмаған пьеса да сол сияқты спектакль санатына кірмейді. Тек қана адамдар — пьеса мен симфонияны орындаушылар, шығарманың ішкі ағыс — сөз астарын тірілтіп, творчество тудыра алады.Творчествоның бар байлық, қалың қазынасы — сөз