ХIII ғасырда «Елдер тізімі» (Муджам ал–булдан) деген атпен толық географиялық түсіндірме сөздігі жарыққа шықты. Оның авторы Йакут, Ибн Абдал–лах ар–Руми аль–Хамави Абу Абдаллах Шихаб–ад-дин (1178 және 1180 аралығында –1229) – араб ғалымы, жазушы, филолог, тарихшы және географ. Шыққан тегі Кіші Азиядағы грек болуы мүмкін. Жасында бағдаттың саудагері сатып алып өзіне қызметші қылған. Арабша хат танып, мұсылманша білім алады. Сирия саудагерінің көмекшісі ретінде көптеген мемлекеттерді аралайды. Дін істеріне де араласып ақырында 1216 жылы Дамашық қаласынан қашып кетуге мәжбүр болады. Қазіргі түркімен жеріндегі Мерв қаласын келіп, оны 4 жылға жақын паналайды. Бұл жерде де ұзақ мекендей алмайды. Орталық Азияны Шыңғысхан әскері жаулап алған кезде ол Ирак жеріне қоныс аударады. 1229 жылы Халеб (Алеппо) қаласында дүние салды.
Йакут, бірнеше кітаптардың авторы. Ол өзінің шығармалары үшін материалды өмір бойы жинады. Еңбек жазуды 1218 жылы Мерв қаласында бастады «Әдебиетшілер сөздігі" ("Иршад аль–ариб ил-я Марифат аль–адиб"), араб әдебиетшілері мен ғалымдарының өмірбаянына арналған. Оған 1100–адамның өмірбаяны кірді. Екінші еңбегі "Елдер тізімінде" ("Мудж–ам аль–бул–дан") 16 000 мақала бар. Ғалым өз кітаптрына көшпелі түркі тайпалары туралы да мақалаларын кіргізген. Моңғол әскерінің қазақ жеріндегі әрекеті, қыпшақтар, аландар, бұлғырлар және Саксин өңірі туралы ақпараттары бүгінгі күнде де маңызын жойған жоқ.
4. Түркі–ислам тарихнамасы
X–XIII ғасырлар аралығында Қазақстанның қазіргі территориясы аса дамыған ортағасырлық араб–парсы–түркі өркениетінің ажырамас бөлігіне айналды. Тарихи тұрғыдан түркі ислам мәдениетінің қалыптасу процесі ұзаққа созылды. Исламның Орталық Азияға тарауы әйгілі Талас соғысында түркілер арабтармен бірігіп қытайларға қарсы шайқасуы түркілердің ислам өркениеті құрамына енуіне зор әсер етті. Тарихта түріктер осы өркениет құрамында Аббаси, Самани, Қарахан, Селжұқ және т.б. мемлекеттік жүйелерде ислам өркениетінің кең таралуына, өркендеуіне жан–жақты үлес қосты. Сонымен қатар түркілер ислам мәдениетінің белгілі тұлғаларына айналды.
Солардың бірі атақты Әбу Наср Әл–Фараби (870–950) – ұлы ғалым, ойшыл философ, математик, астролог, музыка теоретигі. Әскербасының отбасында дүниеге келген. Түркі ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшһүрі, “
Әлемнің екінші ұстазы” атанған ғұлама. Оның заманы “Жібек жолы” бойындағы қалалардың, оның ішінде Отырардыңэкономикасы мен мәдениетінің дамыған кезіне дәл келеді. Ол жас кезінде шығыс елдерін көп аралады. Барған елінде көптеген ғұлама, ойшыл–ақын, қайраткерлермен танысып, сұхбаттасты. Мұның өзі оның ой–санасының дамып, білімінің тереңдеуіне, өмірге көзқарасының қалыптасуына әсер етті. Қазақта көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра деген мақал бар. Аяқ жеткен жерді аралап, сол заманның ойшыл дегендерін іздеп барып сабақ алған жас ғалым тым тез кемелденіп, атағы бүкіл шығысқа тарады. Тарихи деректер бойынша 70–ке жуық тіл білген. 150–ге тарта трактат жазып қалдырды.
Әбу Наср Әл–Фараби заманының әлеуметтік–саяси көзқарастарын, тіл мәдениетін, философиялық–гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары салаларын терең меңгеріп, осы бағыттарда өзі де құнды ғылыми жаңалықтар ашты.
Әбу Наср Әл–Фарабидің азаматтық, саяси, адам, қоғам жөніндегі ойлары “Фусул ал–мадани” (“Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері”) трактатында қаралады. Бұл трактаттың тақырыптары әр түрлі болса да, негізінен бір мақсатқа – адам мен қоғамның ара қатынасы, оның жетілуіне арналған. Еңбектің өзіне тән бір ерекшелік сипаты – тәндік және рухани құбылыстардың салыстырылып отыратындығы.
Фараби «Азаматтық саясатта» қоғамды талдауды қаладан бастаса, “Нақыл сөздерде...” ол мұны ең кішкене ұядан, от басынан немесе үйден бастайды. Аристотель сияқты ол үйді бірнеше бөлікке – ері мен әйелі, қожайыны мен қызметшісі, ата–анасы мен баласы, мүлкі және иесі деп бөледі. Үйдің өзіне тән мақсаты болады, бірақ қаланың бір бөлшегі болғандықтан ол қала белгілейтін ортақ мақсатқа қызмет етуге арналады, сөйтіп бұл арада адамның өз басының мүдделерін қоғам мүдделеріне бағындыру туралы пікір айтылады. Бұл жерде Фарабидің қала дегенін мемлекет деп түсіне отырып, оның ойларынан үлкен азаматтық гуманизмнің биік көріністерін табамыз. Мұнда тек жеке басының мүдделері ғана емес, қоғам мүдделерін жоғары санауы үлкен бір азаматтықтың, адамгершіліктің қасиетті көріністері деп білеміз.
Әбу Наср Әл–Фараби адам міндетті түрде адал ниетті болу керек деп есептейді. Өйткені жақсы істер істеп, мұның төлеуін күтсе, адам бұл істерін жамандыққа айналдырады. Әбу Наср Әл–Фарабитіршілік істерден бойын аулақ салмайды, қайта адамдардың ақиқатқа жету жолына түсуіне көмектесуге тырысады. Бұл арада ол дін мен философияны салыстырады. Оның пікірінше дін философияға ұқсас: екеуі де жоғары принциптерге, бір заттардың бастамаларына түсінік береді. Бірақ философия
дәлелдеуді, дін сенуді қажет етеді.
Әбу Наср Әл–Фараби өз заманындағы ғылымның барлық салаларынан, әсіресе, математика, астрономия, физика, жаратылыстану ғылымдарынан көп мұралар қалдырды. “Ғылымдар тізбегі” деген еңбегінде сол кездегі ғылымды үлкен–үлкен бес салаға бөледі: 1) тіл білімі және оның тараулары; 2) логика және оның тараулары; 3) математика және оның тараулары; 4) физика және оның тараулары, метафизика және оның тараулары; 5) азаматтық ғылым және оның тараулары, заң ғылымы және дін ғылымы. Ғалым бұл ғылымдардың бәрінің пәнін анықтап, қысқаша мазмұнына тоқталады.
Ғұламаның ғылыми–философиялық еңбектерін байыптап қайта қарау барысында оның педагогика тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі болғандығын көреміз. Ол – шығыс елдерінде тұңғыш сындарлы педагогикалық жүйе жасаған ағартушы оқымысты.
Әбу Наср Әл–Фараби. өзінің “Риторика”, “Поэзия өнері туралы”, “Бақытқа жол сілтеу” туралы трактаттарында этикалық, эстетикалық мәселелерге көңіл бөліп, көркемдік, сұлулық, бақыт, мейірбандық білім категорияларының бетін ашып, солардың негізін дәлелдеп берді. Фарабидің гуманистік идеялары әлемге кең тарады.
Жүсіп Хас Хажиб Баласағұни (1020) – ақын, ойшыл, ғалым, мемлекет қайраткері. Өмірі туралы мәліметтер аз сақталған. Философя, математика, медицина, астрономия, астрология, өнертану, әдебиеттану, тіл білімі, тағы басқа ғылым салаларының дамуына зор үлес қосқан.
Жүсіп Баласағұнидің есімі әлемдік әдебиет пен мәдениет тарихында "Құтад–ғу білік" ("Құтты білік") дастаны арқылы қалды. Жүсіп Баласағұни бұл дастанды қазіргі жыл санау бойынша 1070 жылда жазып бітірген. Дастанды "хандардың ханы" – Қарахандар әулеті мемлекетінің (942 – 1210) негізін салушы Сүлеймен Арслан ханға (908 – 955) тарту етеді. Сол үшін хан өз жарлығымен Жүсіп Баласағұниға "хас хажиб" – "бас уәзір" немесе "ұлы кеңесші" деген лауазым берген.
Дастанның бізге жеткен үш нұсқасы бар. Біріншісі, Герат қаласындағы 1439 жылы көне ұйғыр жазуымен (қазір ол Вена қаласындағы Корольдік кітапханада сақтаулы), екіншісі, ХІҮ ғасырдың 1–жартысында Египетте араб әрпімен (Каирдің Кедивен кітапханасы қорында) көшірілген. Ал Наманған қаласынан табылған үшінші нұсқа ХІІ ғасырда араб әрпімен қағазға түсірілген. Бұл қолжазба Ташкенттегі Шығыстану институтының қорында сақтаулы тұр.
Ғалымдар осы үш көшірме нұсканың әрқайсысына тән өзіндік ерекшеліктерді жинақтай отырып, "Құтты білік" дастанының ғылымының негізделген толық мәтінін жасап шықты. Венгр ғалымы
Герман Вамбери (1832–1913) "Құтты біліктің" бірнеше тарауын неміс тіліне аударып, 1870 жылы Инсбрук қаласында жеке кітап етіп бастырып шығарды.
Бұл шығарманы зерттеу, мәтінін дайындау және аударма жасау ісімен неміс ғалымы В.В. Радлов (1837–1918) жиырма жыл бойы (1890–1910) айналысқан. Түркия ғалымдары 1942–43 жылдары "Құтты біліктің" үш нұсқасын да Стамбұлдан үш том кітап етіп шығарды.
Дастан орта ғасырларда бүкіл түркі әлеміне түсінікті болған Карахан әулеті мемлекеті түріктерінің тілінде жазылған. Оны Қаримов өзбек тіліне (1971), Н.Гребнев (1971) пен С.Иванов орыс тіліне (1983), А.Егеубаев қазақ тіліне (1986), бір топ аудармашылар Пекинде ұйғыр тіліне (1984) аударған.
Кезінде “Құтты білік” дастаны Шығыстың әр елінде әр түрлі аталып кеткен. Бір елде – “Айнак ул–мамлакат” (“Мемлекет тәртібі”), екіншісінде – “Панунаман му–лук” (“Әкімдерге насихат”), үшіншісінде – “Адаб ул–мулук” (“Әкімдердің әдептілігі”) деген атпен мәлім. Бұл атаулардың бәрі – “Құтты білік” дастаны, негізінен, мемлекетті басқару мәселесіне арналған шығарма екенін растай түседі.
Шығарма 6520 бәйіттен (екі жолдық өлең) тұрады. Демек дастанда 13040 өлең жолы бар. Соның бәрі 85 тарауға бөлініп берілген. Кіріспесі қара сөзбен, ал негізгі бөлімдері аруз өлең өлшемінің ықшамдалған мутакариб деп аталатын түрімен жазылған. Кітаптың сюжеттік желісі негізінен шығарманың бас қаhармандарының өзара әңгімесінен, сұрақ–жауаптарынан, бір–біріне жазған хаттарынан тұрады. Төрт түрлі ізгі қасиеттің символдық көрінісі ретінде бейнеленген негізгі төрт қаhарман қоғамның көкейкесті мәселелері туралы әңгімелеседі. Мұндай сұхбатта олар ел басқарған әкімдер қандай болуы керектігін, оқу–білімнің қажеттігін, әдептілік пен тәлім–тәрбие мәселелерін дидактикалық–философиялық тұрғыдан сөз етеді.
"Құтты білік" дастаны белгілі бір мағынада елдегі негізгі заң қызметін атқарған. Дастанның басты идеясы төрт принципке негізделген. Біріншісі, мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы. Автор әділдіктің символдық бейнесі ретінде Күнтуды патшаны көрсетеді. Екіншісі, бақ–дәулет, яғни елге құт қонсын деген тілек. Бақ–дәулет мәселесі патшаның уәзірі Айтолды бейнесі арқылы жырға қосылған.
Үшіншісі, ақыл–парасат. Ақыл–парасаттың қоғамдық–әлеуметтік рөлі уәзірдің баласы Ұғдүлміш бейнесінде жырланады.
Төртіншісі, қанағат, ынсап мәселесі. Бұл мәселе дастанда уәзірдің туысы, дәруіш Ордгүрміш бейнесі арқылы әңгіме болады.
Орта ғасырлық Шығыс ойшылдарына тән үйлесім – танымды көркем және ғылыми әдістермен ұштастыра қолдану Жүсіп Баласағұни ғибратында суреткерлік, ойшылдық, ғұламалық, философтық қасиеттердің үйлесім табуынан, ғылым даналығының біртұтастығынан көрінеді. Түркі мәдениетінің нәрлі бұлағынан сусындап, мұсылман өркениетінің қуатты ықпалымен толысқан ойшыл өз шығармасында адамның қоғамдағы орны мен қызметін түсінуге ұмтылып, мінсіз қоғам жайындағы өзінің биік философиялық мұраттарын баяндайды.
Жүсіп шығармасында өмір мәні пайымдалып, жалпы–адамзаттық рухани байлықтар – мұрат, дін, этика, өнер және даналықтың мәні сараланған. Ол ақиқатқа жету жолын адам мен әлемнің, ұлы ғалам мен микроғаламның үйлесімді болуы туралы қағидаға негіздейді. Төрт құдірет – от, су, ауа, жер жайлы ежелгі дәуірдің философиялық түсінгіне сүйене отырып, ол әлем осы төрттағанның үйлесімінен жаралған деп есептейді.
Осындай тағы бір төрттаған Жүсіп Баласағұниның қоғам туралы ойларында, яғни қазіргі түсініктегі әлеуметтік философиясында әділет, бақыт, ақыл және қанағат ретінде бейнеленіп, шығарманың төрт кейіпкерінің бойына жинақталған.
Ғалам мен микроғаламның тұтастығы, барабарлығы туралы ой Жүсіп дүниетанымының өне бойынан байқалады. Бұл жалған дүниені ақыл тезіне салып түзетуге болатынына да сенген ғұлама әлемдік үйлесімділік негізінде әділетті адамзат қоғамын құруды армандады.
Сондықтан ол ғылым мен білімге зор мән берген. Жүсіп Баласағүни жалпыға ортақ парасаттың танымның нәтижесі ретіндегі білімге көшуі адам мүмкіндігінің жүзеге асуы деп біледі. Ғұлама білімнің туа бітетіндігі жайлы пікірге қарсы шығып, оған парасатты іс–әрекеттің нәтижесінде қол жеткізуге болатынына сенеді.
Білімге молынан сусындаған адам ғана көп нәрсеге қол жеткізе алады. Оның пікірінше, білім – даналық, денсаулық және жан толысуы. Оның ойынша, қоғам құрылымындағы кемелдіктің өлшемі әлеуметтік тәртіп бұзылғанда ғана көзге түсе бастайды. Сол кезде жаңа мұраттар мен ұрандар пайда болып, халық қолдауына ие болады. Ол қоғамдық құрылымның кемелдігін жеке адамның бостандығы, тәуелсіздігі анықтайды деп санады.
Жүсіп Баласағұни өзінің әлеуметтік философиясында қоғамдағы кемелдіктің негіздері мен іс жүзіндегі көріністерін өзара тығыз байланыста қарастырады. Танымдағы кемелдік –