Владимир Владимириович Зернов–Вельяминов (1830–1904) – орыс шығыстанушысы. 1850 жылы Александровский лицейін бітірген. Жас кезінен бастап шығыс тілдеріне қызығушылық білдіреді. Еврей, парсы, араб тілдерін оқиды. 1851 жылы Сыртқы істер министрлігінің Азия департаментіне жұмысқа кіреді. Орынбор губерниясында қызметте болды. Осы жерде ол түркі тілдерін толық меңгерді. Осының нәтижесінде «Исторические известия о киргиз–кайсаках в отношении России со Средней Азией со времен кончины Абдул–Хаир хана (1748–1765)» атты еңбегін жарыққа шығарды. Бұл еңбек алдымен жергілікті баспасөз беттерінде оқырмандарға таныстырылып, кейін, 1853–1855 жылдары Уфа қаласында жеке кітап болып шықты. Обылыстық мұрағат құжатары негізінде оның «Источников для изучения тарханства, жалованного башкирам русскими государями» («Записки Академии Наук». 1864, Т. V. Приложение) еңбегі оқырман қолына тиді. 1856 жылы Петерборға оралған ғалым азия департаментіндегі қызметін жалғастырды. 1859 жылы оның Бұхар және Хиуа монеталары және қолжазбалары жөніндегі еңбегі жарияланды. 1859 жылдың қаңтар айында ол орыс археологиялық қоғамы шығыс бөлімшесінің хатшылығына сайланды. 1861–1872 жылдары ол сол қоғамның хатшысы болады. 1861 жылы ол экстраординарлы академик болып сайланды. Ол орыс ғалымдарының ішіндегі алғашқы академик шығыстанушы еді.
1888 В.В. Вельяминов–Зернов жылы Киев оқу округінің попечителі, ал 1889 жылы Киев, Волын және Подольск губернияларында көне құжаттарды жинастырып, ретке келтіру мақсатында құрылған комиссияның төрағасы болып сайланды.
1860 жылдан бастап ол Орталық Азия елдері тарихы бойынша 322 еңбек жариялады. Солардың ішіндегі біздер үшін ең құнды шығарма 1863–1887 жылдары жазылған «Исследования о касимовских царях и царевичах» деп аталатын еңбегі. Кітапта автор Алтын Орда, Қырым хандығы, Қазан, Астрахан және Орталық Азия тарихы жөнінде құнды мәліметтер берді.
1864 жылғы «Материалы для истории Крымского ханства» (СПб., 1864), 1868 жылғы «Словарь джагатайско–турецкий» академик Н.И. Веселовскийдің сөзімен айтқанда, «издание образцовое и в области ориентализма едва ли имеющее равное себе». Көп жылдар бойы ол 1854 жылы Орынборда қолына түскен парсы патшасы ІІ Абдуллаханның сарай тарихшысы Хафиз Таныштың «Абдулланаме» қолжазбасының мәтінін орыс тіліне аударумен айналысты.
Радлов Василий Васильевич (Фридрих Вильгельм) (1837–1918, неміс шығыстанушысы, этнограф, археолог. Берлин университетін бітірген (1858). Ол араб, парсы, түрік, татар, моңғол, манчжур, қытай, т.б. тілдерді білді.
Ф.В.Радлов 1858 ж. Ресейге көшіп келіп, Алтай өлкесінде мұғалім болды. Кейіннен Қазан оқу бөлімінің татар, қазақ, башқұрт мектептерінің инспекторы (1871–84), Азия (1885–90), антропология және этнография (1894–1918) музейлерінің директоры, Орталық Азияны зерттеу жөніндегі Орыс комитетін құрушылардың бірі, және оның басшысы (1903–1918) болды.
Радловтың ғылыми өмірі үш кезеңге бөлінеді: Алтай, Қазан, Петербург. Алтай кезеңінде (1859–71) Батыс Сібір, қырғыз даласы, Хакасия, Жетісу аймақтарында тіл, фольклор, этнография материалдарын жинаумен айналысты. Қазан кезеңінде (1871–84) “Солтүстік түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы” және “Сібірден” (екеуі де неміс тілінде) aтты екі еңбегі жарық көрді.
Петербург кезеңінде (1884–1918) “Түркі тілдері сөздігін жасау тәжірибесі” атты көп томдығы баспадан шыға бастады (әлі күнге дейін толық жарық көрмеген, 4 жинағы шыққан). 1891 ж. Ол Ресей ҒА экспедициясын басқарып, Моңғолия жеріндегі Орхон ескерткіштерін зерттеген. 10–нан астам әріп таңбаларын оқып, Кошо–Цайдам ескерткіштерінің фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктері туралы жазды, мәтіндердің орыс тіліндегі транскрипциясын жасады. Әр жылдары “Құтты білік” (1891–1910), “Тоныкөк” (1899) ескерткіштерінің аудармасы мен транскрипциясын жариялады.
Ол түркі халықтарының, этнографиясы, тарихы мен археологиясына байланысты түбегейлі зерттеулер қалдырды. Оның тарих пен этнография саласындағы еңбектері: а) Сібір мен Орта Азия түркі тілдес халықтарының этнографиясын; ә) олардың көне тарихы; археологиясы, мәдени даму жолдарын; б) аңшылық пен көшпелі халықтардың даму ерекшеліктерін, әсіресе түркі халықтарының рулық құрамын анықтау мәселелерін қамтыды.
Радловты аса көрнекті фольклортанушы ретінде танытқан “Түркі тайпалары халық әдебиетінің үлгілері” aтты 10 томдық еңбегі болды. Оның 1–кітабы (1866) алтай, құманды татарлары, шор, саян, 2–кітабы (1868) шұлым, түрік, хакас, 3–кітабы (1870) қазақ, 4–кітабы (1872) барабы, тобыл, түмен татарларының фольклорына арналды.
Қазақ фольклоры үшін аса қымбат қазына болып табылатын 3–томдағы ел аузынан дәлме–дәл жазып алынған шығармалар, ақын–жыршыларға берген мінездеме, халық ауыз әдебиетінің жанрлық құрамын белгілеуі, халық шығармаларының тіл және стиль ерекшеліктерін анықтауы күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ. Сонымен бірге ғашықтық, тарихи жырлар, аңыз, қисса–дастан, айтыс үлгілері мен ақын–жыраулар мұрасы да қамтылған.
Радловтың Сібір қазақтарының этнографиясы туралы құнды еңбегі “Сібірден” деген атпен шықты. Ол қырғыз эпосы “Манасты” жазып алып, бастырып шығарды. Радлов салыстырмалы тарихи зерттеудің нәтижесінде Орта Азия, Қазақстан және Сібірдегі түркі халықтары фольклорының төркіні ортақ екенін дәлелдеді. Радлов көптеген ғылыми еңбектерімен түркология ғылымының дамуына зор еңбек сіңірді, өзінің мектебін қалыптастырды.
Бартольд Василий Владимирович (1869–1930,) – белгілі шығыстанушы ғалым, 1891 жылы Санкт–Петербург университетінің шығыс тілі факультетін бітіріп, сонда ғылыми және оқытушылық қызмет атқарды. Қазақ өлкесін мекендеген тайпалардың тарихын зерттеуге зор үлес қосты. Бұл еңбектерін жазуда ол араб, парсы және жергілікті авторлардың материалдарын пайдаланды. Олардың ішіндегі аса құндылары: «О христианстве в Туркестане в домонгольский период» («Записки Восточного Отдела Императорского Русского Археологического Общества», т. VIII (1893–94); «Образование империи Чингисхана» («Записки Восточного Отдела», т. X, 1896);«Отчет о поездке в Среднюю Азию в 1893–94 годах» (СПб., 1897,«Записки Академии Наук», историко–филологический отдел, 8–я серия, т. I, № 4); «Очерк истории Семиречья» («Памятная книжка Семиреченской области», т. II, Верный, 1898); «Отчет о командировке в Туркестан» («Записки Восточного отдела Археологического Общества», т. XV, 1902 – 03);«Сведения об Аральском море и низовьях Амударьи с древнейших времен до XVII века» (Ташкент, 1902); «О некоторых восточных рукописях в библиотеках Константинополя и Каира» («Записки Восточного Отдела», т. XVIII, 1908); «История изучения Востока в Европе и в России» (СПб., 1911, университетский курс); «История культурной жизни Туркестана». Л., 1927;«Киргизы: Исторический очерк». Фрунзе, 1927; Тюрки. Двенадцатьлекций по истории турецких народов Средней Азии; Культура мусульманства. Изд–во «Огни» Петроград, 1918. Орталық Азия мен Қазақстан халықтарының көне дәуірден бастап–ақ өзінің тарихы, мәдениеті болғанын ғылым түрде негіздеді. Шығыстану тарихына зор көңіл бөлді. «Еуропа мен Ресейде шығысты зерттеу тарихы»(1911), «Петербург университеті шығыс тілдері факультетінің 1855–1905 жылдардағы қызметіне шолу» (1909)
атты еңбектер жариялады.Бартольттың көптеген еңбектері ағылшын, француз, неміс, түрік, араб, парсы, тағы басқа тілдерге аударылған.
Құрбанғали Халид–оғлы Аягози (1846 – 1913) – қазақ халқының тарихын, әдет–ғұрпын, ауыз әдебиеті мен мәдениетін зерттеуші. Әкесі Халид Ташкентте, Аягөзде, Қытай жерінде тұрған. Халиди жас кезінде Абдулхақ деген кісінің медресесінде оқып, тарих, география пәндерінен дәріс алады. Шәуешекке көшіп барған соң өзі де медресе ашып, татар, араб тілдерінен дәріс берген.1885 жылы Турфан қаласында ұйғырлардың өмірі туралы «Тарих и жарида–и жадида» деген кітап жазды. 1897 жылы Меккеге бара жатқанда Еуропаның көптеген қалаларында, араб мемлекеттерінде болған.
Құрбанғалидың тарихи еңбектерінің ішінен бізге белгілері 1889 жарияланған «Тарих–и джарида–йи джадида» (Жаңа тарихи жазбалар) және «Таварих–и хамсе–йи шархи» (Шығыстың бес елінің тарихы). Соңғысы 1910 жылы Қазандағы «Өрнек» баспасында жарық көрді. Бұл кітап 1992 жылы қазақ тіліне аударылды. Кітапта ұйғырлар, өзбектер, қазақтар, монғолдар, тағы да басқа халықтардың өмірі туралы жазады. Басым бөлігі қазақ халқының тарихы, этнографиясы, мәдениеті мен әдебиетіне арналған.
Кітапта қазақ тарихы көне, ортағасыр, жаңа дәуірлерге бөлініп қарастырылды. Көне және ерте ортағасырлар тарихын ол, жер бетінде адамзаттың пайда болуынан бастап тайпалар одағының қалыптасуына әкеледі. Деректердің әртүрлі топтарын пайдалана отырып Құрбанғали жер бетіндегі ұлыстардың шығуын, олардың жалпы белгілерін және ерекшеліктеріне тоқталады.
Ерте ортағасырлар тарихы «Тауарих хамсада» VІ–VІІІ ғғ. Аралығымен шектеліп, алғашқы түрік хандарының тарихына тоқталады. Кітапта этникалық этнонимдерге үлкен көңіл аударылған, «Монғол», «Татар», «Түрік», «Оғыз» атауларын түсінуге ұмтылыс жасалған.
Орта ғасырлар тарихы Алтын Орда мемлекетінің құрылуы, өркендеуі және ыдырауы процестеріне арналған. Бұл уақытты автор он төрт кезеңге бөліп қарастырған. Он төртінші кезең қазақ хандығының құрылуымен аяқталып, жаңа заман тарихы қазақ хандығынан басталады. Алтын Орда және оның ыдырауы нәтижесінде пайда болған мемлекеттер жөнінде толық баяндалады. Бұл дәуір туралы құнды деректер келтірілген. Әсіресе, Қазан, Астрахан, Сібір және т.б. хандықтар туралы бізге бұрын белгісіз мәліметтер бар.
Қазақ–қалмақ қатынастары, екі арада болған қарулы қақтығыстар мен бейбіт–келісім шарттары деректер негізінде баяндалады. Кітапта Абылай хан туралы да деректер бар. Оның ел билеудегі ерекшеліктері, оның айналасындағы тұлғалар, арғын руымен болған келеңсіз жағдайлар, оның қайтыс болуы, Түркістанда жерленуі, патша үкіметінің хандық билікті жоюға әрекет жасауы, Ғұбайдолла төңірегіндгі мәселелері сөз болады.
Құрбанғали Халидт қазақ тарихының отаршылдық заманы туралы шындыққа сәйкес материалдар береді. Өйткені ол өзі сол уақиғалардың куәгері болды. Орыс бекіністерінің салынуы,қазақ жеріне басқа ұлттар мен ұлыстардың қоныс аударуы, осыған байланысты туындаған жерге орналастыру мәселесі автор тарапынан дұрыс бағаланған. Мысалы ХІХ ғасырдың аяғында Қазақстан жеріне Еділ бойы түркілері көптеп қоныс аудара бастайды. Осыған байланысты шала қазақ субэтносы пайда болады. Автордың пікірінше орыс әскеріне қызмет етуден бас тартқан татарлар қазақ қызына үйленіп, жұбайының тегін алуға тырысқан. Ол кезде орыс үкіметі қазақтан әскер алмайды екен. Сөйтіп олар және олардан туған балалар әскерге барудан құтылыпты.
Басқа тарихшылардан Құрбанғали Халидтың бір ерекшелігі – қазақ халқының этнографиясын, тұрмыс тіршілігін жан–жақты талдай отырып, Орталық Азияны мекендеген тайпа, рулардың көне, заманнан келе жатқан тарихына үңіледі. Оның қазақ халқына қатысы бар жерлеріне ерекше көңіл аударады. Зерттеудің басты ерекшелігі қазақ ауыз әдебиеті, рулар шежіресі, мәдени мұралар, халықпен бірге жасасып келе жатқан әдет–ғұрыптар, діни нанымдарды аса ұқыптылықпен тарихи дерек ретінде пайдаланады.
Құрбанғали Халид өз кітабында былай деп жазады: «Бұл халықтың тарихы жалпы ел аузында бар. Алайда, жекелеген жазба тарихтары мен естеліктері болмағандықтан, әркім әр түрлі пікір айтып, біреулер жаман ниет, арам оймен, енді біреулер тек мұқатуды мақсат еткен. Бағзылар тарихта анығырақ түсініктеме беруге білімдері жете тұра, оған мән бермеген. Нәтижесінде мағынасы анық ел тарихы баяндалмады. Осындай себептермен мен бар күшімді жұмсап, жиырма жылдан астам уақыт жиналған мәліметтердің қаймағын қалқып алып, осы кітапты жаздым» деп кесімді пікір білдірген.
Бекіту сұрақтары -
Позитивизм идеялары орыс тарихнамасына қандай әсер жасады?
-
ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Ресейде тарих ғылымы қандай дәрежеде дамыды?
-
Орыс тарихнамасының дамуындағы В.О.Ключевскийдің рөлі қандай болды?
-
Орыс деректану ғылымының белді қайраткерін ата?
5.Ресей ғалымдары қазақ тарихына не себепті қызықты? 6.Алғашқы қазақ тарихына қалам тартқан авторларды ата?7.А.И. Левшин қазақ тарихнамасына қандай үлес қосты? 8.Шоқанды қызықтырған қазақ тарихының қандай мәселелері? 9.Қазақ тарихнамасына В.В.Радлов қандай үлес қосты?10.В.В.Бартольдтың тарихи көзқарасы?