Әрине, әркімнің әрқалай трактовка жасауына хақысы бар. Оған К. С. Станиславскийдің бай мазмұнды ұшан-теңіз, сан-салалы мол енбегі мүмкіндік береді. Осы орайда аталмыш жолдардың авторы да теориялық тұрғыдан ой толғайды. Ұлы ұстаздың байтақ даладай байлығын белуардан кешіп жүріп, кенішті қазынасын белден қазғанда, оның идеялық пафосы мен мәдени эстетикалық асыл арнасынан жеті тезистің іргетасын қалайтын он екі заңдылықтың өзекті өрімін өріп шығарады (Бәлкім, басқа бір зиялылар біз білмейтін, біздің өреміз жетпей қалған тың теориялық деректер мен тұжырымдар тауып, «Станиславский жүйесін» одан әрі дамытуға өз үлестерін қоса жатар. Олай болған күнде нұр үстіне нұр). Ал «Станиславский жүйесі» атты сахна сазын қолға алып, құлақ күйін күйлеп, пернелеріңе саусақ жүгіртіп, үніне құлақ тосқанда»—жетігеннің жеті шегіндей жеті тезистен «он екі бунақ — о н е к і з а ң д ы л ы қ» сахна күйін шертеді екен. Иә, бұл — өз интеллектімізден туған интерпретация.БІРІНШІ ТЕЗИСТеатр — коллективтік өнер(Театр — искусство коллективное)Театр — өзге өнер түрлеріне қарағанда табиғаты ерекше өзгеше өнер. Оның туындылары — спектакль немесе қойылым, көпшілік күшімен яғни творчестволық коллективтің жұмыла енбек етуімен өмірге келетін қиын процесс.Драматург, режиссер, суретші, композитор, гример (бояушы), декоратор (жиһаздаушы), осветитель (жарық беруші), актер, қойылым меңгерушісі, әдебиет бөлімінің меңгерушісі, киім тігушіден есік көзінде тұрып, көрермендерді қарсы алушы контролерге дейін ортақ іс — спектакльдің өмірге келуіне өздерінің творчестволық күш-қуатын арнап аянбай еңбек етеді. Сахна өнері саласында шынайы өнер туғызушылар жеке-дара, жалғыз-жарым адам емес, біртұтас ансамбльден құралған үлкен топ — творчестволық коллектив болып саналады.Мәселен, драматург пьеса жазып бермесе, актердің ойын-өрнегі тумас еді. Тіпті, пьеса мен актер бар болып, қоятын режиссер болмаса, уақыт талабына сай көркемдік көркі, идеялық биік шешімі, бай мазмұны бар — спектакльдің қабырғасы қаланбаған болар еді. Режиссер де, актер де, пьеса да бар делік, ал, композитор жоқ болса — спектакльдің ән-әуездік көркемдігі жетімсіреп қалар еді. Осы аты аталған төртеуі де бар болып, суретші қалыс қалса, спектакльдің бейнелеу мен безендіру саласына жататын оқиға орны, атмосферасы, жасау- жабдығы, сән-салтанаты да болмас еді. Бір сөзбен айтқанда, коллектив — бас-аяғы жинақталған, идеялық шешімін тауып, шымыр сомдалған сахналық туынды — спектакльдің авторы.
Театр табиғаты кәусар сезім мен ой терендігінен өріліп шығатын жанды процесс. Тамыр-тамырында тіршілік толқыны тулап өзегінде өрт лаулап жалындап жанып жатқан қуатты қойылым - құтты қоныска қада қаққан құлыптас іспеттес көрікті кұбылыс десек, қойылым қабырғасын көтерген режиссер — қолы ұсынықты сәулетшімен парапар. Ол пьесаның әр сөзінен сурет ойып, актер қимылынан — қорған қалап, мизансцена бітімінен — ғимарат тұрғызып, өнер өреді. Нәтижесінде, сахна салтанаты—сәулетті спектакль кереге кереді. Күнде-күнде өмірге келе бермейтін сахналық шығарма біртуар туынды санатында есте қалады. Міне, осы біртуар кесек дүниенің көркемдік бейнесін сомдауға күллі коллектив тер төгеді. Спектакль сомдауға міндетті адамдар белгілі бір творчестволық іс атқаруы тиіс. Суретші болып, композитор болып, актерден режиссерға дейін, сахна жұмысшысынан театр директорына дейін ортақ мақсат — спектакльдің «жаны» мен «қаны»—идеясы үшін күреседі. Ендеше, әр қызметкердің ой-өрісі, белсенділігі, творчестволық санасы, қабілеті мен шеберлігі бір басшылыкка бағынған идеялық ұмтылысқа көгенделеді. Коллективтің барлық мүшелерінің еңбек жемісі творчестволық тәсілдің бір саласы — темірдей тәртіп бірлігіне бағындырылады. Тәртіп тізгінін режиссер ұстайды.«Өнеріміздің іргетасы болып есептелінетін коллективтік творчество,— деп жазады К. С. Станиславский,—сөз жоқ, ансамбльділікті қалайды, ал оны бұзған адам, өз жолдастарына ғана қастандық істеп қоймай, өзі тер төгіп жүрген өнеріне де қастандық жасамақ» (К. С. Станиславский, т. 3, М., «Искусство», 1955, стр. 254).Өйткені, актер, өзі еңбек етіп жүрген аса күрделі ірі коллективтің белді бір мүшесі болып табылады. Оның өзі «театр труппасы» деп аталатын ерекше корпорациялық ұйым. Ал, актер, осы ұйымның атынан сахнаға көтеріліп, ойын көрсетеді. Ұйым — театрдың көркемдік намысын, жолдастарының творчестволық ар-ұятын қорғайды. Актер өз есімімен бірге театрының да атын қатар алып жүруге міндетті. Ол, өз мекемесінің атына кір келтірмеуге тиіс. Егер, актер, лайықсыз іс істеп қойса, онда ол, бүкіл коллективке, театрға күйе жұқтырған болып танылады. Сондықтан кез келген актерді коллективизм рухында тәрбиелеу — тек режиссердің ғана емес, бүкіл коллективтің творчестволық міндеті.Біз, театр өнері — коллективтік өнер дедік. Өзінің ұйымдық табиғаты жағынан театр бірден-бір бұқаралық миссия ролін алып барушы саяси сипаттағы қоғамдық мекеме. Ендеше, аталмыш бұқаралық бағыт — өнер адамдарының психологиялық тәрбие мектебі болса керек. Коллективтік өнер — күллі ұлт театрларының көркемдік әрі мемлекеттік мағынасы. Оның саяси сипаты мен қоғамдық құрылысын белгілеген—К. С. Станиславский.
ЕКІНШІ ТЕЗИС«Адам жанының тіршілігі» мен «адам тәні тіршілігінің» бірлігі(Единство «жизни человеческого духа» и «жизни человеческого тела»)Сахнадан «адам жанының тіршілігін» өріп шығару арнасында «адам тану» (человековедение) ілімі ұя басқан. Ақын мен драматург қиялы әлдилеп өмірге әкелген кейіпкер жан дүниесімен сахнада бірге ғұмыр кешу процесі — актер аксиомасы. Жазушы қиялы — актер творчествосының іргетасы. Ақын қиялы мен актер әрекеті бірігіп— кейіпкер бейнесін сомдап шығарады. Құр қиял өз бетімен дербес түрде тіршілік ете алмайды. Ол әрдайым актер әрекетіне тәуелді процесс. Сондай-ақ актер әрекеті де драматург қиялына кіріптар. Айырмашылығы:қағаз бетіне түскен кұрғақ қиял «жансыз» бейне болып, актер әрекетіне айналғанда «жанды» бейне аталады. Сол себепті де К. С. Станиславский «адам жанының тіршілігін» сомдаушы басты тұлға — актер екенін айрықша атап көрсеткен. Егер қалам иесінің қиялы туғызған көркем дүние сахна алаңында өзінің органикалық «жанды» критерий сипатына қожалық етпесе, онда «адам жанының тіршілік» дүниесінің өмірге келуі де екі талай. Яғни, қиял әлемі — актердің творчестволық қажеттілігін оятпаса, қаламгер қиялы мен сахна санаткері бір арнада табысып, бірге ғұмыр кешпесе, өнер де тумайды. Онда, ол, зорлық пен зомбылық, өктемдік пен өрескелдік болады.«Өнер құиясы — қиялды әдемі көркем шындыққа айналдыра білу» (К. С. Станиславский, Сочинения, том 6, стр. 89) дейді К. С. Станиславский. Ендеше, «адам жанының тіршілігінің» сахнада бейнелеуінің бір ұштығы қиял әлемімен тікелей байланысты. Бұдан басқа кейіпкержандылық өнерінің ең басты принциптерінен саналатын: «Сана арқылы санасыздыққа, ерік арқылы еріксіздікке бару» критерийі тағы бар. Мағынасы: актер сахнада саналы түрде, яғни терең талдау арқылы ролін әбден меңгеріп алған соң, ол туралы қиналмай, ойланбай еркін әрекет етеді. Екі ауыз сөзбен түйіндегенде, рольді сіңіру деген сөз. «Ең алдымен, өнерді саналы түрде шындық аясында тудыру керек. Олар шабыт пен санасыздықтың тууына ең қолайлы жағдай жасамақ» (К. С. Станиславский, Сочинения, том 2, стр. 24) деп жазады К. С. Станиславский. Солай десек, «Сана мен санасыздық, ерік пен еріксіздік» элементтері сахнада«адам жанының тіршілік» процесін сомдауға ат салысатын көркемдік құралы болып табылады. «Санадан — санасыздыққа, еріктен — еріксіздікке!»— ұраны актер әрекетінің басты құралы.
«Өмірде болсын, сахнада болсын біз сана атаулыға мықтап ден қойып, әбден әдеттеніп кеткенбіз. Ал іс жүзінде ғұмырымыздың оннан бірі ғана саналы түрде өтеді де, қалған тоғызы санасыз түрде өтеді. Профессор Эльмар Гетстің (1859-1923) Экспериментальдық психология профессоры, американ ғалымы) айтуынша: «біздің ақыл-ой қызметіміздің ең аз дегенде тоқсан проценті санасыздыққа саяды». Ал Модслидің (1835-1918) — ағылшын исихологы әм психиатры) тұжырымдауынша, «өмірде өзіміз санаға теліп жүрген функцияның ең болмаса оннан біріне де сана иелік ете алмайды» дейді. Олай болса, рольдің саналы тіршілігін бейнелеу барысында, біз оның тек оннан бірін ғана бейнелей алады екенбіз» (К. С. Станиславский, Сочинения, том 6, стр. 74) деп К. С. Станиславский, актер «адам жанының тіршілігін» саналы түрде емес, санасыз тұрғыда сомдау керек екенін ұлағат етеді.Алайда, санаға бағына бермейтін санасыздық процесінің сыр-құпиясы да қалың. Өйткені, сана тікелей санасыздыққа тәуелді. Сананың «бұйрығымен» санасыздық — актер әрекетіне «бағына» салмайды. Тіпті, ол, техникасы бес аспап, әулие деген актерге де әл бермейді.Сонда не істеу керек?Мәселе адамның өз табиғатында екен. «Ондай күш табиғаттың өз бойында, тіршілікті санасыз түрде өмірге әкелетін тек қана табиғат» (там же, стр. 74) дейді К. С. Станиславский. Ол кісінің көз жеткерген тұжырымы бойынша қалыпты, творчестволық шынайы процесс — актердің органикалық табиғатынан тамыр тартады. Сол себепті де: «Ешқандай Ст аниславский ж ү й е с і жоқ, мызғымайтын жалғыз ғана жүйе бар — ол табиғаттың ө з ж ү й е с і» деген сөзді айтты ғұлама. Солай десек, кейіпкержандылық өнерінің күре тамыры — адамның жаратылыс сыйлаған ө з т а б и ғ а т ы екен. Өзін профессионалмын деп есептейтін кез-келген сауатты актер, кейіпкеріне тән «адам жанының тіршілігін» өзінің ішкі сарай жан дүниесінен өріп шығаруы керек. Сахнада актер творчествосының басты құралдарының бірі болып оның ыстық лепті ішкі әлемі мен мөлдір сезімі қызмет етеді. Әсіресе, сезімнің ролі аса зор. «Кез келген адам өз өнерінің әрбір қас қағым сәттерінде әйтеуір бірдеңені сезінуге, толғануға тырысады, ал егер ол, еш нәрсені сезінбейтін болса, онда ол өлікпен тең. Тек өлік қана сезбейді» (там же, стр. 76) деп К. С. Станиславский жазса, с е з і м элементі актер творчествосында елеулі ілім санатында өмір сүріп, жетекші қызмет атқарады.
«Өнеріміздің мақсат-мұраты, тек қана, роль «жанының тіршілігін» сомдау емес, оның сыртқы көркемдік пішінін де (форма) өрнектей білу. Сондықтан актер рольмен іштей өмір сүріп қана қоймай, ішкі толғанысын сырттай бейнелей де білу керек» (К. С. Станиславский, сочинения, том 2, стр. 26) деген ұлағат айтады К. С. Станиславский. Бұдан шығатын қорытынды: сахнадан кейіпкердің сыртқы тұлғасын бейнелеу процесі оның ішкі толғаныс иірімдерімен сабақтас екендігі. Актердің сыртқы айшық бедері — ішкі тебіреністен көркемдік қуат алады. Сыртқы ойын-өрнек айшығы — ішкі толғаныс өрнегіне тәуелді. Сондықтан кейіпкердің «санасыз тіршілігінің» сынаптай сусып ұстатпайтын небір нәзік сыры-қырын асқан шеберлікпен кестелеп беру ұшін әуезі әсем, ырғақ-иіні биік, «салған төсектей» жатық, қуаты күшті дауыс пен «диірменнің тасындай» зырылдап, ойнап тұрған әбден шыныққан дене тәрбиесі қажет. Дене мен дауыс аппараты сабақтасып, ең нәзік деген ішкі сезімнің ыстық лүпілін сырнайдай сызғыруы тиіс. Олай болса, өзін сахна санаткері деп есептейтін кез келген артист, кейіпкержандылық процесінің іргетасы саналатын тебіреніс көзі — ішкі аппарат туралы ғана қам жеп қоймай, творчестволық кызметтің мәуелі жемісі — сезім гаммасын көрермендерге тасымалдайтын сыртқы пішін өрнегі туралы да қам жеу керек.Көркемөнер, оның ішінде сахна өнері — органикалық творчество саласына жататын күрделі дүние. Сыртқы жалаң техникалық машықтану әдістері арқылы немесе түйсіктің жетелеуі бойынша кейіпкер кескінін кестелеп шығу мүмкін емес. Ол үшін актерге творчестволық жағдай туғызуға тырысу керек.Ол қандай жағдай?Біз өзінің психикалык әм қимыл-іс (психофизический) бірлігі тұрғысынан алып қарағанда актер өзіне аспап (инструмент) құралының қызметін атқаратынын білсек, оның сахналық өнер көзі — әрекет екенін де білеміз. Сондықтан актерге творчестволық жағдай туғызу үшін әлгі айтқан актер өнерінің аспабын бабына келтіру қамын ойлауымыз шарт. Яғни актердің өз табиғатының «құлақ күйін» күйлеуіміз керек. Ол үшін оның ішкі рухани дүниесі мен сыртқы тұлғалық сипатын ширатып, шыңдау абзал. Бірінші кезекте ішкі техника күші арқылы тәрбие беру болса, екінші кезекте сыртқы техника көмегімен тәрбиелеу мәселесі роль атқарады. Алғашқысы көңіл күй сәтін адаспай тап басу арқылы өмірге келсе, соңғысы сол көңіл күйге сай сыртқы техникаға үндес үлгіде бой көрсетпек. Мән-мағынасы —«адам жанының тіршілігін» сомдау процесі:қимыл-іс (физическая) әм рухани (духовная) бірліктен желі тартады. «Адамның тән тіршілігін» кескіндеу де тап солай. Екеуінің де тамыртегі адамның өз бойына біткен қимыл-іс әм рух сияқты егіз қасиет. Осы екеуін өнер тілінде актер табиғаты деп