Олай болса, білім мен парасат адамға сенім туғызады, сенім ішкі еркіндікті дүниеге әкеледі, ал, ішкі еркіндік адамның қимыл-іс әрекетінен, дене мүшесінен әсемдік, көркемдік сипат табады. Тағы да қайталап, қазықтап айтсақ, с ы р т қ ы е р к і н д і к — і ш к і е р к і н діктің көркемдік нәтижесі. Өйткені, актер өз кейіпкерінің өмір тарихын бүге-шігесіне дейін түгел зерттеп,терең біліп шықканда ғана қаңқайма, шоңқайма, бырысқақ, тырысқақ індетінен біржола ада болу дәрежесіне қол жеткереді. Демек, іштей шексіз сенім — актердің ішкі және сыртқы еркіндігінің тас бұлағы. Өзіне-өзі шексіз сенудің түп төркіні — актердің ұшан-теңіз ересен білімі мен зиялы парасат ізгілік негізіне саяды.Табиғаты таяз адамнан талант шықпайды. Өзінің ішкі дәрменсіздігін кейбір сыртқы өрескел қимылдарымен жасырып, бүркемелеуге жанын салып жанталасып жүрген әдепсіз актерді титімдей де болса талғамы бар көрермен қауым, аңғармай қоймайды. Көлденең көз көргіш келеді. Солай десек, бұлшық еттің сіресуі мен дененің қақайып қалуы — актердің әдепсіз әрекетінен тамыр тартатын індет деп бағалаған абзал. Актердің техникалық әлсіздігін алдын ала айғақтап, оны жұрт көзіне ұстап беретін опасыз құбылыс: бырысу, тырысудан тұратын дәл осы әдепсіз әрекет. Кейде сахнадан, жиі болмаса да шаршап-шалдығып жүрген актерлерді байқап калуға тура келеді. Оның себебі: күш-қуат көзін дұрыс жұмсай алмау салдарынан бұлшық еттер мен буын буындарда, омыртқалар мен жон арқада болатын сіресулер. Осылай тұла бойдың әр жеріне мықтап шоғырланған тырысу-кұрысу кінәраты актерді қатты қалжыратып тастайды. Шаршаудың алғашқы белгісі —адамды тер басады. Тас бұлауға түсіп терге малшынған адам — асып-сасып, әбігерге түседі. Әбігер мен қарбаласқа түскен адамнан — өнер ауылы алшақ кетеді. Осындай күйге түсіп, тері сорғалаған актерлерді көре- көре әбден ығыр болған К. С. Станиславский қатты күйініп кетіп; «Раз актер потеет на сцене, долой со сцены!»— деп ақырып жіберген ғой!Ал, біз бейбақтар, артистерге К. С. Станиславский сияқты айбаттана ақырмақ түгілі, ақырын айтуға да бата алмайтын болып алдық...
АЛТЫНШЫ ТЕЗИСӘрекет арқауы әм көкейкесті мақсат (Сквозное действие и сверх—сверхзадача)«Дәннен өсімдік көктеп шыққан сияқты, жазушының да жекеленген ойлары мен сезімдерінен оның шығармасы өмірге келмек.Жазушының аталмыш жекеленген ой мен сезімі, өмірлік арманы оның күллі тіршілігінің өзегін жарып шығып, творчество сәтінде оларға басшылык етеді. Соларды пьесаға негіз етіп алып, аталмыш дәннен өзінің әдеби шығармаларын өсіріп шығарады. Жазушының өмір бойғы қуанышы мен қасіреті, өмірлік арманы, он мен сезімі түгелдей пьесаның іргетасын қалайды: сол үшін жазушы қолына қалам алады. Сахнаға жазушының ой мен сезімін, қуанышы мен қасіретін, арман-мұңын жеткізу спектакльдің басты мұраты болып табылады» (там же, с. 332) деп К. С. Станиславский сахналық шығарманың туу процесін дәннен көктеп шыққан өсімдікке теңейді. Демек, көкейкесті мақсат критерийін анықтау үшін, жазушы немесе драматургтің ішкі рухани әлеміне терең үңіліп, оның қолына алуына мәжбүр еткен ойына ортақтас болуы лазым. Көкейкесті мақсат (сверх — сверхзадача) — режиссердің творчестволық ойына, оның күллі адамдық табиғатына қозғау салып, қоздыратын тебіреніс көзінен с а н а л ы түрде өріс алатын процесс. Сондай-ақ, пьесаның ішкі сарайы —«рухани әм қимыл-іс болмысы» мен күллі «психикалық өмірінен» ағыс алатын кұбылыс. Егер жазушы алдында, К. С. Станиславский айтқандай, белгілі бір мақсат тұрса, сол мақсат режиссерге де тиесілі. Ондай мақсат жазушы үшін идея болып есептелінсе, режиссер үшін көкейкесті мақсат болып есептелінеді. Идея мен көкейкесті мақсат — творчествоның Темірқазық жұлдызы. Екеуінің кіндігі бір. Айырмашылық мынада: идея — қағазға түскен «өлі дүние» де, көкейкесті мақсат — әрекетке көшкен «тірі дүние». Идея — жазылып жатқан тұста процесс ролін атқарады да, аяқталған соң тіршілігін тоқтатады. Ал, негізгі мақсат — сол тоқталған процеске өмір береді. Процесс — қозғалыс, әрекет, күрес, өмір. «Көкейкесті мақсат — нәтиже емес, бастау, оятушы, қоздырушы, творчестволық процестің негізгі қозғаушы күші»—дейді А. Таиров. Олай болса, пьесаның көкейкесті мақсатын анықтау үшін ең алдымен оның идеясын анықтау керек. Өйткені, шығарманың күллі ішкі дүниесі идея арқылы талданып, тарқатылады. Енді терең талдаудан өткен туындының алдында: «не үшін қою керек? Қандай мақсатқа қазықтау қажет?» деген мәселе пайда болады. Белгілі бір мақсатсыз спектакль қойылмайды. Мақсатсыз шығарма да тумайды.
Мәселен, Ф. М. Достоевский адам болмысынан өмір бойы құдай мен сайтанның елесін іздеген көрінеді. Осындай ой оны «Ағайынды Карамазовтар» ды жазуға итермелесе керек. Ендеше, құдайды іздеу аталмыш шығарманың көкейкесті мақсаты болмақ.Ал, Л. Н. Толстой болса, өмір бойы жетілу, жаңару, түлеу миссиясына құлшыныс білдіріп отырған, сол себепті оның шығармаларының көкейкесті мақсаты әлгідей ізгі ойлардан пайда болған.Антон Павлович Чехов ылғи да әдепсіздікпен, тоғышарлықпен күреске түсіп, жақсы өмір туралы армандаған. Жақсы тұрмыс туралы армандап, соған деген құлшыныс оның көптеген туындыларының көкейкесті мақсатына айналады.Демек, пьесада болып жатқан үлкенді-кішілі мақсат болсын, режиссердің шешімі мен артистің әрекеті, ой-арманы болсын түгелдей пьесаның көкейкесті мақсатын айқындау үшін қызмет атқарады.«Көкейкесті мақсат пен әрекет арқауы (сквозное действие)- өмірдің басты мағынасы, күре тамыры, жүйкесі, пьесаның тамыр-тынысы.Көкейкесті мақсат — пьесаның құнары. Әрекет арқауы — пьесаның қызыл өзегін жарып өтетін лейтмотиві. Көкейкесті мақсат пен әрекет арқауы — артистің құлшынысы мен творчествосына бағыт сілтеуші компас. Әрекет арқауы — пьесаның су асты ағысы. Өзеннің бетіне толқын тудыратын су асты ағысы сияқты, көзге көрінбейтін ішкі әрекет арқауы да сыртқы ойын өрнегі мен әрекет арқылы білінеді.Әрекет арқауы — рольдің кейбір жекеленген дербес бөлшектерін біріктіретін негізгі табиғи байланыс көзі. Ол — шашылған моншақтар мен үзілген алқаның маржандарын тізген сияқты, өз алдына жеке-жеке дербес бөлшектерді тізетін рухани жіп.Көкейкесті мақсат пен әрекет арқауы — табиғатымызға ұя салған асыл қазына «менге» ынтызар туа біткен өмірлік мақсат көзі. Тұтас шығарма мен рольдің жанды тіршілігінің негізгі мағынасын құрайтын әр пьеса мен әр роль өзінің көкейкесті мақсаты мен әрекет арқауын жасырын ұстайды. Әрекет арқауының түп тамырын құпия түрде басшылық ететін табиғи іңкәрліктен, діни, қоғами, саяси, эстетикалық, мистикалық сезімдерден, туа бітті жетістік пен кемістіктен, адам табиғатында ерекше өріс алған қайырымды, қайырымсыз қасиеттерден іздеуге болады. Айналамызда немесе ішкі рухани тіршілігімізбен сыртқы тіршілігімізде болып жатқандардың бәрі — адам рухы тіршілігінің туа бітті іңкәрлігі мен әрекет арқауының негізгі мағынасы санасыздық байланысының құпиялылығында жатыр.Мәселен, сараң кез келген жағдайда өзінің байлыққа деген құштарлығын құпия байланыста ұстауға тырысса; атаққұмар — сый-құрметін; діндар — өзінің діни құлқына; эстет — өзінің артистік идеалын құпия байланыста ұстауға тырысады.
Әрекет арқауы өмірде болсын, сахнада болсын көпшілік жағдайда санасыз түрде пайда болады. Адамның құлшыныс қажырын санасыз, құпия түрде өзіне тартатын ақырғы мақсат пен көкейкесті мақсат анықталған соң барып, адам рухының тіршілік желісі де айқындалады» (К. С. Станиславский, сочинения, том 4, с. 151) деп жазады сахна реформаторы.Көкейкесті мақсат пен әрекет арқауын бір-бірінен ажыратып, дербес қарауға болмайды. Олар бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі сүйемелдеп отыратын қанаттас, егіз элемент.Әрекет арқауы — шаңы басылмайтын табан жол болса, көкейкесті мақсат—ақырғы аялдама. Әрекет арқауы—үдере тартқан көш десек, көкейкесті мақсат— кереге керер құтты қоныс. А. Гончаров: «Дән— спектакльдің темпераменті, көкейкесті мақсат — соған қарай бағытталған мақсат, ал әрекет арқауы — актерді мақсатына жеткізетін табан жол»— деп егіз элементтің творчестволық ролін дәл анықтаған. Демек, көкейкесті мақсатқа апаратын әрекет арқауының табан жол желісі пьеса мен рольдің қызыл өзегін жарып өтетін жүргінші құбылыс. Үзілмей соғатын қырдың қызыл желі іспеттес. Егер, әлгі үздіксіз соққан желдің екпіні бір сәт үзіліп калса, жел — желдік қасиетінен айрылады. Әрекет арқауы да солай, кідіріске тап болса, әрекет желісі үзіліп, творчестволық процесс дағдарысқа ұшырайды. Процесс деген сөздің өзі — жетілу, даму, өркендеу, өрістеу мағынасын білдіретін ұғым. Сондықтан да, К. С. Станиславский сахналық ойын өрнегі мен актер әрекетін творчестволық процесс деп атап, өте орынды пайдаланған.Егер К. С. Станиславский: «Көкейкесті мақсат пен әрекет арқауы — өмірдің басты мағынасы, күре тамыры, жүйкесі, пьесаның тамыр-тынысы» десе, әрекет арқауы — пьесаның мағынасын мазмұнмен байытып, күре тамырына қан жүгіртетін, жүйкесін азықтандырып, тамыр-тынысын кеңейтетін, кейіпкер мен актердің сарайына көркемдік сәулесін түсіріп, тіршілік сыйлайтын күрделі элемент.Творчестволық терең талдауға түскен пьеса кәдімгідей «он екі мүшеге» бөлініп жіліктенеді. Мүше-мүше, жілік-жілік болып боршаланады. Мақсат — әр мүшенің сипаты мен қасиетін түбегейлі зерттеу, қызметін анықтау.К. С. Станиславскийдің тілімен айтқанда, толық талдаудан өткен пьеса: перде, көрініс, бөлшектерге бөлініп, одан әрі дәйектемелерге (факт), оқиғалар легіне (событийный ряд) жіктеліп, жібі үзіліп, шашылған моншақтай күй кешеді. Жеке көріністерден пайда болатын мақсат, оқшау бөлшектермен жекеленген дәйектемелер, мүше-мүшеге бөлінген сахналар тарыдай шашылып
, бір-біріне бағынбай бей-берекет күйге түседі. Міне, сол кезде шашылған моншақтарды бір-бірлеп теріп, бір жіпке тізеді. Жіпке тізілген моншақ алқаға айналып, мүлік болады. Әрекет арқауы — сол жіп. Шашылған моншақтарда мазмұн болмайды. Ал, алқа күйінде мағына бар. Ендеше, ішкі байланысы үзілген пьесаның магынасы жогалады, идеялық қисын мен сабақтастық тұтастыгы- на ақау түседі. Ой мен мазмұн арқауы- кесілген процесс, өріске шықпайды. Кез келген шығарманың идеялық өзегі мен оқиға желісі —«ұзын арқау, кең тұсау» өрісіне көгенделеді. Арқауы мықты творчествоның өмірі ұзақ. Олай болса, әрекет арқауының атқаратын сахналық қызметі осындай.
Актердің сахнада өмір сүруі мен оның сезім процесі өнердің өзі сияқты табиғи қалыпта тіршілік сатылылығы мен сабақтастық дамуын қалайды. Ал, көкейкесті мақсат пен әрекет арқауы осы тіршіліктің қалыптық сипатын реттеуші ролін атқарады. Олар жазушының, режиссердің, артистің творчествосын бүтіндей басшылыққа ала отырып, туындының тұтастығын сақтайды. Егер шығарма желісінде көкейкесті мақсат пен әрекет арқауынан бір сәт ауытқушылық пайда болса, онда шығарманың арқауына ақау түсіп, сылбырлық, ұзақтық белең алады. «Әрекет арқауы» деген атының өзі әрекетшілдік, белсенділік, арқауы мықты дегенге саяды. Көкейкесті мақсат пен әрекет арқауы бірлесе отырып, творчестволық өмір сүру процесін өмірге әкеледі.
Солай десек, өмір сүру процесі рольдің партитуралық сомдалуы мен көкейкесті мақсаттан және әрекет арқауының белсенді түрде атсалысуынан пайда болмақ. Сахнаға пьеса авторының творчестволық толғақты ойы
мен артистіц психикалық тіршілігінің ішкі жан дүниесін қозғалысқа салатын көкейкесті мақсат ауадай қажет. Басқаша айтқанда, көкейкесті мақсат құбылысын рольден ғана емес, артистің өз жан сарайынан да іздеген абзал. Субъективсіз, өзінің дара қасиетінсіз өмір сүру процесі қызықсыз болады. Адам тіршілігінің ғажайып қасиеті — даралығында. Даралық деген сөздің астарында актердің өмір тәжірибесінен жинақталған білім, парасат байлығы әм табиғи ой қазынасының қайнары жатады. Ендеше, көкейкесті мақсат — творчестволық ой тебіренісінен, ақыл-парасат биігінен саналы түрде өріс алады. Біздің рухани әм қимыл-іс жаратылысымыздың ішкі әлем-тапырық толғақ процесін бір арнаға бағыттап, оған басшылық ететін де сол. К. С. Сганиславскийдің анықтауы бойынша, көкейкесті мақсат — сана (сознательная), тебіреніс (эмоциональная), қажыр (волевая) болып үшке бөлінеді. Творчество сәтінде осы үшеуі бірдей қызмет атқарады.