Таптаурындылықтың төркіні кәсіпқойлық өнерден басталады. Өйткені, онда толғану, тебірену, рольдің ішкі дүниесін бастан кешу деген болмайды. Кәсіпқой актерлер тек жалаң сөздің өзін ғана баяндаушы. Мұндай жеңіл тәсіл оңайға түседі. Ал, рольдің сезімін жеткізу үшін ең алдымен бүкіл жан дүниеңмен терең түйсінуің керек, түйсіну үшін тебіреніске бару керек. Кәсіпқой актерлер тебірене білмейді, сондықтан олар жалаң баяндаудың сыртқы пішінін ғана қанағат тұтады. Егер рольдің сомдалу процесі ішкі мазмұн мен сыртқы пішіннен өріледі десек, ішкі сезім мен тебіреніссіз оның сыртқы бітім-болмысын бейнелеу мүмкін бе? Ішкі сарайда толғаныс тумаса, жалаң дауыс пен қимыл арқылы «адам рухының тіршілік» сипатын қалай өрнектеуге болады? Кәсіпқой өнердің өкілдері мұндай күрделі проблема төңірегінде ойланып-толғанып бас ауыртып жатпайды. Өздеріне етене жақын әсіреқызыл актерлік шартты ойын үлгісіне салып, жалаулата береді. Мұндай әдіс — біреудің жан дүниесі мен жалаң сезіміне сырттай еліктеу болады. Актер ойын-өрнегінің осындай оңай түрін К. С. Станиславский сезімді келемеждеу (передразнивание чувств) деп атаған. Өйткені, кәсіпқойлық әдіс өрнегінде сезім мен рухани мазмұн болмайды.Жалпы, таптаурындылық актердің шеберлік арсеналдарына жататын: қимыл-іс, ым мен ишарат, сөз саптау мәнерінде ғана емес, шешім және ой толғау процестерінің бәріне тән қауіпті кінәрат. Сондықтан сахна санаткерлерінің күллісі болып, таптаурындылық індетімен ұдайы күрес жүргізе беру керек. К. С. Станиславский өсиет етіп кеткен қағиданың бар мақсаты осы демекпіз.2. КЕЙІПКЕРСЫНДЫЛЫҚ ӨНЕРІ(ИСКУССТВО ПРЕДСТАВЛЕНИЯ)Театрдың екінші бір үлгісінің қабырғасын қалайтын, сахнада адамның рухани тіршілігін бейнелеуді мұрат тұтқан өнердің өзгеше бір ағымы — кейіпкерсындылық өнері немесе кейіпкерсындылық мектебі болып аталады.Кейіпкерсындылық ағымның кәсіпқойлық ағымнан өзгешелігі — ол өзінің мақсат-мұратына, көркемдік кредосына басқаша творчестволық жолдар арқылы жетеді.Кәсіпқойлық — пьесаның фабуласын, сыртқы әрекет пен жалаң тіршілігін бейнелеуді мұрат тұтса кейіпкерсындылық — кейіпкер құштарлығын әм образдың ішкі сарайын кестелеуді мақсат етеді.Кейіпкерсындылық ағым өз творчествосын кәсіпқой өнерге мүлдем қарама-қарсы бағытта адамгершілік пен жанды процесс бойынша рольдің дәл өмір сүру сәтінен бастау арқылы ерекшеленеді. Кәсіпқойлыққа тән басы артық немесе кездейсоқ болып табылатын нағыз өмір сүру процесі кейіпкерсындылық ағым үшін аса маңызды әм аса қажет. Өйткені, творчестволық шынайы өмір сүру процесі болмайынша, нағыз өнердің де болуы неғайбыл. Екінші ағымның кәсіпқой аталмай өнер аталатын себебі, оның творчествосы нағыз өмір сүру процесі арқылы өмірге келеді. Осындай ізгі талпыныс тұрғысынан аталмыш бағыт кейіпкержандылық өнеріне бір табан жақын. Ал, дайындық процесі мен техникалық әдістері жөнінен едәуір алшақтық бар.
Жалпы, кейіпкерсындылық ағымына жататын артистер өз ролін сахна алаңына шыққанда немесе көпшіліктің көз алдында емес, үйде, өз-өзімен жеке қалған сәтте немесе оңаша репетиция кезінде өмір сүріп, кестелегенді қалайды. Олар өмір тіршілігі мен шынайы сезім дүниесін сыртқы дене пішімі арқылы бейнелеп көрсетіп беру үшін рольдерін қайта-қайта қайталап, тебіреніс тезіне салып алдын ала «қақтап» алады. Яғни, сыртқы дене пішімін ғана ойнату үшін қам жейді. Жоғарыда айтып кеткен техникалық әдіс үлгісінің бір ерекшелігі осы.Кейіпкерсындылық мектебінің осындай тайыз түсінігі туралы К. С. Станиславский: «Мамандығымыздың қанына әбден сіңіп кеткен әдетіне сай, двигательдік (бұлшық ет) зердеміздің (двигательная память) өткірлігі арқасында, артист сезімнің өзін емес, көзге көрінетін қимылдық сыртқы нәтижесін еске тұтып қалады да; сезімді емес пішінін, ішкі дүние толғанысын емес, дененің қозғалу күшін сезіну сәтін, яғни нағыз рухани өмір сүру емес, дененің қимылын ғана айшықтайды» (там же, с. 63) деп жазған болатын. Қайталап, нақтылап айтқанда, екінші ағым - кейіпкерсындылық өнері кейіпкер немесе рольдің шыңыраудан шымшымдап шығатын шыныдай шынайы толғанысын өз-өзімен үйде жеке отырып ғұмыр кешкенін ғана мойындап, сахна алаңынан көпшілік алдында ақтарылып толғаныс тудыратын көзбе-көз процесін мойындамайды және олай ету мүмкін емес деп ойлайды. Сайып келгенде, олар өздері бейнелейтін кейіпкерінің ішкі тебіреніс мазмұнын емес, қимылға кұрылған сыртқы пішінін қанағат тұтады. «Тіпті, аталмыш екінші ағым нағыз өмір сүру мен шынайы айшықтау үлгісін сахнадан спектакль санатында көріп-біле тұрса да бұлай ету өнерге зиян келтіреді деген желеумен мойындауға еш құлқы болмас еді, өйткені олардың ойынша, шынайы өмір сүру мен табиғи айшықтау сипаты сахнампоздық болып есептелмейді» (там же, с. 64) деп кейіпкерсындылық өнерінің сахнада көпшілік алдында шындап өмір сүру процесін мойындамайтынын айтады К. С. Станиславский.Сайып келгенде, кейіпкерсындылық өнер үлгісінің ұсынар лұғаты — актер өнерді алдын ала үйден жасап келіп, сахнадан көпшілікке творчествосының дайын нәтижесін ғана көрсету керек деген ұғымға саяды. Олардың ұғымынша, көпшілік алдында өтетін творчестволық сәтте артистің сахнада қолма-қол өмір сүруі шарт емес, керісінше, ойын тамашалап отырған көрермендердің не сезіп, не түйсінгені шарт. Себебі, кейіпкерсындылық өнер өкілдері табиғи заңдылық жол мен өмірге келетін мөлдір сезім мен өмір сүрудің тебіреніс процесін сахнампоздық емес, сахнадағы — әрсіздік, көркемсіздік, көріксіздік деп санайды.
К. С. Станиславский, М. С. Щепкиннің: «Өнер жасау үшін өмірдің өзінен үйреніңдер» деген лұғатын ту қылып ұстап, оны көркемөнердің бұлжымайтын қуатты кредосына айналдырған адам. Ал, екінші ағымның көркемдік концепциясы: «Өнер кәдімгі қарапайым табиғаттың өзінен де әдемі, өзінен де әсем болу керек, өнер, тіпті, шындықтың өзін тезге салып түзетіп, оны нұрландыра білу керек. Театрға шынайы өмірдің ақиқат шындығы емес, сол өмірді асқақтата көріктендіретін сахналық әсем шарттылық қажет»—дейтін өз эстетикасына табынды. Асылында, табиғаттан әсем, табиғаттан көркем құбылыс болмақ емес. Сахна өнері саласында, тек, шарттылықты жақтап, соның заңдылықтарын мойындау тұрғысынан кейіпкерсындылық мектебі кәсіпқойлықпен кіндіктес. Арнасынан асып төгілген әсіреқызыл пафосты қалайтын өлеңмен жазылған асқақ стильді классикалық трагедияны лепіріп ойнап, соған қалыптасып қалған кәсіпқой актерлердің табиғаты да екінші ағым өкілдеріне жат емес. Жалған пафос, лепірме стиль, жасанды ишарат өрнектері екеуіне де тән. Кәусар сезім, шынайы өмір, сахнада шындап өмір сүру процестері кейіпкерсындылық өкілдері үшін өмірді деректі түрде натуралистік қалпында сахнаға көшіре салу болып есептеледі. Аталмыш екі ағым бұл жағынан да туыстас.«Екінші ағым театр табиғатының өзі — шарттылық, ал, шынайы өмірдің иллюзиясын қаз-қалпында көрсетіп беру үшін сахна құралдарға өте тапшы деп ойлайды,— деп жазады К. С. Станиславский.— Сондықтан театр шарттылықтан ат-тонын ала қашпай, қайта сол шарттылықтың өзін туғызу керек; ал, театрға шарттылық ауадай қажет екен, демек, ол өнердің іргетасы болуы тиіс; шарттылық мол болса — нұр үстіне нұр. Өнер — өмірдің шындығы емес, тіпті оның шұғыласы да емес; өнер — жаратушы. Ол өзінің ғажайып шарттылығы арқасында кеңістік пен уақыттан тыс өз өмірін туғыза алады» (там же, с. 65) дейтін кейіпкерсындылық мектебінің концепциясына ұлы реформатор: «бұл тән мен жанның берік байланысына ақау түсіретін» негізсіз қағида деп қарсы шықты. К. С. Станиславский актердің ішкі сарайынан шапши атқылаған мөлдір сезім бұлағын көркемдік кілті деп ұғып, сыртқы қимыл-іс әрекетін адамның психологиясына бағындырған. Табиғи өмір, кәусар сезімнің табиғатына өктемдік, зорлық жасамай, олардың өмірге келуін баладай әлпештеген. Адамның психологиялық қылдай нәзік табиғатына, әсіресе, гүлдей үлбіреген сезімнің тууына қысым көрсетуге болмайды және сахнада сезімді қуыршақтай түрлендіріп, боямалап, әсіреқызыл етіп жарнамалауға тіпті болмайды деп жалықпастан ұдайы ескертумен, айтумен болды. Ал, кейіпкерсындылық ағымы керісінше, сахнадан белгілі бір мол мөлшерде театрлық жарқын бояумен құлпыра өрнектелмеген өмір көрінісі мен сезім құбылысы өнер емес деп ұқты. Ашу, өкпе, қуаныш, күйініш, сүйініш сияқты сезім кұбылыстары сахнада бейнеленген сәтте кәдуілгі қарапайым өмірдегі қалыпты жағдайдан әлдеқайда күшті, ерекше салтанатты күйде болуға тиіс дейді. Декламациялық (тақпақтап сөйлеу) пафос, актерлік қалпы (поза)—шынайы сезім мен табиғи өмірден әлдеқайда әсем, әлдеқайда көркем әрі асқак, сондықтан сахнадан өмірді көрсеткенде құлпыртып, қырлап, сырлап, боямалап, өңдеп көрсету керек дейді кейіпкерсындылық өнер үлгісі. Театрға керегі шынайы шындықты қалайтын табиғи өмірдің өзі емес, сол өмірді әспеттеп, құлпыртып көрсететін сахналық әсем шарттылық дейді олар.
Осы арада бір мәселенің басын шешіп алған абзал. Кейіпкерсындылық өнеріне тән нәрсе — сезім болсын, әрекет болсын, дағдыға айналдыру кінәраты үстемдік құрады. Олар үшін, сезім процесі сахнада шынайы өмір сүруден тумайды, әдет болып кеткен үйреншікті дайын әдістер мен тәсілдерден туады. Өйткені, олар сахналық құралдардың барлығын алдын ала үйде дайындап, машықтанады. К. С. Станиславский іргесін қалаған кейіпкержандылық мектебінің творчестволық принципі: өнер—дәл қазір (сейчас), дәл осы жерде (здесь), дәл бүгін (сегодня) сахнада, көрерменнің көз алдында туу керек болса, кейіпкерсындылық мектебі — оңашада, үйде, жеке-дара дайындап, дағдыға айналдыру принципін мұрат тұтады. Олар үшін, сезімді ойнау үйде бұрыннан дайындап қойған әдет бойынша өрнектелу керек. Қуаныш — әдеттенген әдістен туса, қайғы да — әдеттенген әдістен туады. Өйткені, олардың әр қилы сезім құбылыстарын бейнелейтін алдын ала жоспарланған, әдетке айналған дайын тәсілдері болады. Міне, осындай әдетке айналған сахналық тәсілдік құралдарын олар шарттылық немесе актердің екінші тұлғасы (натура) деп есептейді.«Әдет-шарттылықты актердің екінші тұлғасына қалай айналдыра алады? Оны актерлердің өзі де білмейді ғой. Актер өзінің адамдық табиғатынан — актерлік тұлғасын қалай бөліп алады? Егер актер образ сомдау барысында өз табиғатынан өріс алса (идти от себя),өзін- өзі екіге қайтіп қақ бөліп алады? Екіге қақ жарылып, образ бейнелеу мүмкін бе?» деп қайран қала отырып: «егер сахнада кейіпкер бейнесін актер сомдайтын болса, актер психологиясы сол актер болып ойнап жүрген адам психологиясынан қуат алады, ендеше, бір адамның басында екі тұлға болмайды ғой» деп кейіпкерсындылық мектебінің келеңсіз, қаперге қонбайтын күрделі қателіктерін ашып айтып, әжуаға айналдырады К. С. Станиславский.Алайда, кейіпкерсындылық өнерінің кәсіпқойлық ағымнан артықшылығы — оның шарттылық болмысы кәсіпқойлықтағы таптаурындылық үлгісі сияқты жалаң фабула мен кәдімгі сыртқы әрекетті ғана бейнелеумен шектеліп қалмайды, үйде өз-өзімен оңаша отырып шынайы өмір сүру арқылы бейнелеген пьесадағы құштарлық пен образдың ішкі жан сарайын көрсете алады. Сондықтан, кәсіпқойлық ағымға қарағанда кейіпкерсындылық мектебінің шарттылығының өзі рухани мазмұнға бай.«Біздің ақыл-парасатымыз драма жазушысынан — ұсынылған тосын жағдайдан туындайтын құштарлық ақиқатын шынға балап сезінуді талап етеді» (Истина страстей, правдоподобие чувствований в предлагаемых
обстоятельствах — вот чего требует наш ум от драматического писателя) деп жазған болатын А. С. Пушкин. К. С. Станиславский «ұсынылган тосын жағдай» элементін Пушкиннің осы айтқан лұғатты ойынан алып, театр терминологиясына айналдырған. Солай десек, кейіпкерсындылық өнер шындығы—құштарлық ақиқатын шынайы сезіну емес, тек ақиқат болмысын шынға балап сезіну болады. Сайып келгенде, екінші ағым шындығы — өмірдегі біз білетін шынайы шындықтың өзі емес, шындықсымағы.Ал, өнер — шынайы шындықтың өзі. Өнер шарты —сенім.Егер артист, өзі бейнелейтін ролінің сөзіне, іс- әрекетіне, мақсат-мұратына ақ жарылып шындап сенбесе, онда, ол, театрда да, үйде де роль табиғатымен біте қайнасып бірге өмір сүре алмайды; ал рольмен сіңісіп бірге өмір сүре алмаса, образдың ішкі жан сарайына тереңдеп, ендей алмайды және рольге деген сүйіспеншілігі мен құштарлығы да құлықсыз болады. Ендеше, барлығы да сенім арқылы дүниеге келеді. Сенім болмаған жерде творчество да, тебіреніс те, өмір сүру өнеріне тән процесі де болмақ емес. К. С. Станиславский — кейіпкерсындылық өнеріне тән нәрсе — жартылай шарттылық сенім дейді. Сондықтан оған бүтіндей сене алмайсың, онда да жан мен тән арқылы емес, ақылмен, көзбен, құлақпен ғана сырттай иланған боласың. Бір сөзбен айтқанда, екінші ағым берік сенім мен шынайы өмірді туғызбайды, сол өмірдің шындыққа ұқсас атүсті нұсқасын ғана өмірге әкеледі. Олар шынайы әсемдіктің өзін өздерінің эстетикалық талғамдарына икемдеп қана қоймай, театрға да, сахнаға да икемдеуге, әсіреқызыл құбылысқа айналдырып жіберуге құштар. «Қорытындысында, шынайы әсемдік пен кәсіпқойлық әсемдік ортасындағы әсемсымақ дүние болып шыға келеді»,— дейді сахна реформаторы. Алайда, артист аса дарынды болса, сол жасандылықтан аулақ шынайы әсемдік пен табиғатқа жақын тұрады да, дарынсыз болса, кейіпкерсындылық әсемсымаққа тақау тұрады.Бірінші ағым (кәсіпқойлық) сияқты екінші ағым (кейіпкерсындылық) өнер үлгісінде де жасанды көрініс көп бола тұра, сыртқы ұқсастықтарында үлкен айырма бар.Кәсіпқойлық, жоғарыда айтылып өткендей — пьесаның фабуласы мен сыртқы әрекетін ғана көрсетіп бақса, екінші ағым — роль кұштарлығы мен образдың үйде отырып өмір сүрген дайын үлгісін көрсетумен шектеледі.Кәсіпқойлық, актер әрекетінің салт (ритуал) жағы мен сыртқы таптаурын түрін ғана көрсетсе, екінші ағым — рольдің сахнадағы сыртқы көркемдік пішінін жарнамалайды.