Кәсіпқойлық саласында актер әрекетінің салттық сипаты мен таптаурындылық өрнегі механикалық түрде туа салса, екінші ағым саласында рольдің көркемдік пішіні жаны бар творчестволық табиғи сезімнен туындайды.Кәсіпқойлық саласында бір сәтте табылып, мәңгі қалыптасқан иелік етсе, екінші ағым саласында әр образ бен оның сезім құштарлығы үшін, әр артист үшін, әр роль үшін рольдің көркемдік пішіні қайта-қайта жаңадан пішіліп, жаңадан сомдалады.«Таптаурындылық тамыры — театр шарттылығында жатса, көркемдік пішін тамыры —тірі сезім мен шынайы өмір, кейіпкержандылықта жатыр. Сөйтіп, таптаурындылық пен көркемдік пішіннің айырмашылығы өте терең. Айырмашылық — олардың тегі мен табиғатынан туындайды» (там же, с. 67) деп талдайды К. С. Станиславский. Кәсіпқойлықтың ойын үлгісіне сіңісіп, таптаурындылықтың шырмауына ілігіп қалмау үшін екінші ағым көркемдік пішіннің әсемдігіне айрықша назар аударады. Өз тәсіліне лайық бір сәтте табылып, біржола қалыптасқан образдың қызу құштарлығын, толқу тебіренісін жоғалтпауға, сақтауға тырысады. Олар тірі сезімнің өмірге келген бейнелік пішінін сахналық, әсемдік, көркемдік биігінен творчестволық таразыға тартып, актер шеберлігі тарапынан егжей-тегжейлі зор дайындықтан өтеді. Мұндай күрделі процеске актер өзінің қиялы, ішкі зейіні, қимыл-қозғалыс сәттерінде болатын бұлшық еттің сезінуі, ишараты, күллі сыртқы образ болмысы арқылы қол жеткереді. Рольдің қызу құштарлығы мен образдың ішкі жан дүниесін сахналық әсем пішін үлгісінде қиялында сомдап алып, оларды сыртқы дене құралдары арқылы айшықтауға жігер жұмсайды. Сөйтіп, бір кезде өмір сүріп көркем бейнеленген құштарлық сезім мен образдың бұрын дайын болған ішкі дүниесі арқылы, артист өз-өзінің әсем пішінін кейіптеп, өз қиялының сәулетшісіне айналады. Яғни, артист өз қиялы арқылы өз тұлғасынан образ мүсінін қашайтын сәулетші роліне иелік етеді. Екінші ағым өкілдерінің образ сомдау тәсілдерін К. С. Станиславский: «Рольдің сыртқы образы яғни гримі, киген киімі, бойға-біткен әдеттері, мәнер-машығы, жүріс-тұрысы, ролінің үн- әуені ең алдымен артистің қиялында сомдалады да, содан кейін кенеп матаға түскен жоба іспеттес артистің бойына көшіріле салады» (там же, с. 68) деп өте дәлдікпен бейнелеп түсіндіреді.К. С. Станиславскийдің кейіпкерсындылық мектебінің өкілдеріне берген айшықты анықтамасын аталмыш екінші ағымның атышулы қайраткері, атақты француз актері аға Коклен (кіші Коклен де артист болған) де құптайды. Оның айтуы бойынша сыртқы образ сомдаудың мынандай үлгісі бар: «Артист қиялындағы кейіпкерінің киімін ойша киіп, сол қиялы арқылы оның жүріс- тұрысын, іс-әрекетін, ишараты мен қимылын көзбен көріп, үнін естиді, сөйтіп, оған еліктейді, көз алдына бет пішінін елестетіп, содан соң оның сұлбасын өзіне көшіріп алады. Бір сөзбен айтқанда, артист қиялындағы кейіпкерінің барлық ерекшеліктерін қағып алып, кенеп матаға емес, өз тұлғасына көшіреді». Байқалып отырғандай, екі анықтама арасында ешқандай айырмашылық жоқ. К. С. Станиславскийдің тұжырымын кейіпкерсындылық өнерінің әйгілі өкілі аға Кокленнің өзі мойындап отыр.
Олай болса, кейіпкерсындылық өнер үлгісінің ұрығы, көркемдік мазмұны мен творчестволық сипаты — елестету, еліктеу, елірту, көшіру процестері арқылы кейіпкердің сыртқы жалаң пішіні мен сыртқы жылтырақ техникасынан туындайтын актерлік арзан әдістерден тамыр тартатын топырақта жатыр.Кейіпкерсындылық мектебі — аталмыш екінші ағым өкілдеріне К. С. Станиславский француз театрының үш абызы:аға Кокленді (1841 —1909), Сара Бернарды(1844—1923), Муне-Сюллиді (1841—1916) жатқызады.Не десе де, мүйіздері қарағайдай-қарағайдай аттары аталған үш алып — француз сахнасының сиқыры мен сән-салтанаты саналып, кейіпкерсындылық өнері көгінде ұзақ шарықтап, есімдері әлемдік театр тарихында алтын әріппен жазылып қалды.Кейіпкерсындылық өнері — рольдің бір кезеңде табылып біржола қалыптасқан әсем пішінін бейнелеген артист енді оны сырттай техникалық тәсілдер үлгісімен, яғни көзге елестету арқылы сомдауға машықтануды қалайды. Дәл осы тұста көзге елестету процесін тағылым тұтқан екінші ағым (кейіпкерсындылық) мен бірінші ағым (кәсіпқойлық) көзқарастары тоғысып, ортақ мақсат бойынша өмір сүреді. Алайда, екінші ағым — бірінші ағым сияқты пьесаның жалаң фабуласын ғана елестетіп қоймай, ол құштарлық сезімі мен образдың ішкі жан дүниесін елестете алады. Екі ағым арасындағы принципті басты айырмашылық осы. Солай десек, творчестволық сипаты жағынан екінші ағым көркемөнер дүниесіне әлдеқайда жақын өнер. Олар механикалық әдетті әбден қалыптастырғанша тынбай істейтін техникалық табандылық арқасында механикалық машық үлгісі мен бұлшық ет қызметі қалпына түскенше рольдің табылған пішінін үйде де, сахнада да қайта-қайта қайталай беруден еш жалықпайды. Рольдің әдіпке түскен жалаң пішінін жалықпай қайталай беру – сезімнен тыс, дененің үйреншікті бұлшық ет қимылдары мен кейіпкердің үн ырғақтары, дыбыс сияқты айшықтары арқылы шебер техникаға құрылған өзіне ғана тән өнер әдістері бойынша өрістейді. Ролін механикалық үлгіде көрсетіп беруге әбден әдеттеніп алған кейіпкерсындылық өнер өкілдері образ сомдау барысында қиналысқа түсіп, жүйке жұқартатын рухани күш-қуат көзін жұмсауға әсте аяқ баспайды. Рухани күш жұмсау олар үшін бекерге тер төгу немесе керексіз, басы артық нәрсе ғана емес, әуелі өнерге зиянды құбылыс болып есептеледі. Өйткені, олар үшін: актерлік толғаныс, қиналыс процестері – кейіпкерсындылық өнерінің негізгі принципі: актерлік байсалдылық (актерское самообладание) концепциясына мүлде қайшы көрініс. Олардың пікірінше, актерлік байсалдылық принципіне нұқсан келсе, рольдің бір сәтте табылып біржола қалыптсқан әсем пішіні мен бедерлі бітіміне де зиянды кінарат түспек. Әсіресе, пішін айқынсыздығы – әсерлік сезімге үлкен бөгесін болып табылады. Артист неғұрлым байсалды болса, оның творчествосы да соғұрлым ұстамды болып, ойнаған ролінің пініні мен бітімі де әсерлі болмақ. Бұл арада анықтай кететін бір мәселе: кейіпкерсындылық өнер үлгісінің іргетас негізінде – рольдің сыртқы әсем пішіні мен оның көрерменге әсер ету концепциясы басты қызмет атқарады. Көптеген репетициялар мен спектакльдерде ойнау арқылы олар өздерінің сахнада өмір сүру процесі мен творчестволық ойын үлгісінің пішіндік бейнесі әм роль бітімі әбден анықталып, көрермендерге толық жеткенше іс қылады. Сахнадан өзін-өзі көрсету сияқты кәсіпқойлық өнер үлгісіне түсіп кетпей ең әсем пішін мен роль құштарлығын жеткізу үшін кейіпкерсындылық өкілдерінен мол тәжірибе, шебер артистизм, аса нәзік ептілік, дәлділік талап етіледі.
Қорытындысында, екінші ағымның творчестволық бірінші жартысы — кейіпкержандылық процесіне табан тірейді де, екінші жартысы — кейіпкерсындылық процесіне қазықталады.Сайып келгенде, екінші ағым драма өнерінің басты- басты ең негізгі екі принципін: бірінші — кейіпкержандылық, яғни тебіреніс принципін, екінші — кейіпкерсындылық, яғни көзге елестету принципін қабат қамтиды.Солай десек, кейіпкерсындылық өнері сахнаның басты мұраты — «адамның рухани тіршілігін» бейнелей ала ма?Бейнелей алады. Тек белгілі бір кезеңдерде ғана адамның рухани тіршілігін сомдау процесіне жақындауы мүмкін. Кейіпкерсындылық өнері адамның жанды тіршілігін сомдай алмайды, ал рольдің ішкі образы мен рухани құштарлығы туралы бейнелеп айтып бере алады.Жоғарыда келтірілген Пушкиннің сөзімен айтқанда, екінші ағым «құштарлық ақиқатының» өзін емес, «ұсы- нылған тосын жағдайды шынға балап сезінуді» ғана, яғни шынайы сезімді емес, сезімсымақ сипатын туғыза алады.Екінші ағым өмір сүрудің шындығы мен шарттылығының ең қиыр шекарасына орналасқан; ол ұстараның жүзіндей қылпып тұрған тепе-теңдікті сақтайды. Бір қадам солға аттаса, «өзі ат-тонын ала қашқан шынайы сезім шындығының аймағына барып топ ете түседі; ал, бір қадам оңға аттаса, кәсіпқойлық пен шартты жалғандықтың уысына ілігеді» (там же, с. 70) деп К. С. Станиславский аталмыш өнердің көркемдік мүшкіл халін бейнелі түрде дәл тауып айтқан. Рольдің сыртқы жылтырақ әсем пішінін бейнелеуді мұрат тұтқан кейіпкерсындылық өнері К. С. Станиславский айтқандай, екі процесс аралығында — сезім құштарлығы мен арзан жалғандық ортасында қылпылдап өмір сүреді. Алайда тіршілікті тірі нәрсе тудырады десек, ешқандай театрлық эффект, ешқандай сахналық шарттылықтың мерекелік әсемдік пішіні — өмірдің нағыз тіршілігін, жанды тынысын, отты сезімін алмастыра алмайды. Сыртқы әсемдік пішін — көркемдік мазмұны емес. Бұл туралы К. С. Станиславский: «Бәлкім, шартты құралдар кейіпкерсындылық ролі үшін тамаша-ақ шығар, ал бірақ мөлшерден тыс әйдік, шектен тыс күрделі, ұстатпайтын нәзік, түпсіз терең болып келетін адамның рухани тіршілігін мүлтіксіз жеткізіп, рольдің ішкі сарайын бейнелеу үшін әрі сорақы, әрі әлсіз» дей келіп: «Көрерменді ұмыт қалдыра тұрып, бірақ бір сәт есіңнен шығарып алмай, көңілдерін аулай жүріп, өзің де қоса қабат өмір сүретін кұдірет табиғатымызға жазылмаған. Өмірде өзіміздің рухани қажеттілігіміздің ыңғайына қарай иліге салатын жағдайлар бола береді; алайда, біз, көрермендердің көңілін аулау үшін әрі уайымға беріліп, әрі жылай алмаймыз ғой; сондай-ақ өзің үшін, көрермендер үшін қақ жарылып, бір мезетте қос қатар өмір сүре де алмайсың. Сахнада өмірдің өз заңдылығы қалыптастырған шынайы, табиғи көңіл күй талаптарынан тыс нәрсе табиғатымызға жат. Біздің табиғатымыз актер ойын-өрнегінің шарттылығына көне бермейді.
Өнер мен өтіріктің басы бір жерге қосылуы мүмкін емес. Творчество табиғаты онсыз өмір сүре алмайтын шындықты өтірік жоққа шығарады.Актер өтірігі мен творчестволық шындықтың бас қосуы жан мен тәннің азғындығын, адам табиғатының сүйкімсіздігін тудырып, ақау түсіреді. Өтірік — көз бен құлақты алдаса да, сезімді сендіре алмайды» (там же, с. 71) деп К. С. Станиславский творчество табиғатынан туындайтын шындық пен сезімнен тыс, оқшау өмір сүретін сахналық шарттылықты мойындамайды.Жалпы, кейіпкерсындылық өнері — төтенше қиын әрі күрделі өнер. Өзіне тән ағымдық қасиетін сақтап қалу үшін жан-жақты техникалық шыңдалуды, кемелдендіруді тілейді. Шектен тыс тер төгіп, шеберлігін шыңдап отырмаса, кәсіпқойлық сатысына құлдырап кету қаупін олар сезеді. Содан сақтанады. Кейіпкерсындылықтың еңбек сүйгіш қасиетін К. С. Станиславский жоғары бағалаған. Олай болса, аталмыш өнердің төл табиғатынан айрылып қалмас үшін сол өнердің аса нәзік білгірі әрі нағыз суреткері болу керек. Көрермен қауымын өз өнерімен алдап соғу үшін осы өнердің өкіліне адам жан дүниесінің өте нәзік иірімдерін жеткізе алатын, сахнада жанды образ сомдай алатын, ешқандай сезімсіз жалаң механикалық түрде қол жеткеретін мол тәжірибе, зор білім, сарқылмас қиял қазынасы әрі мүлтіксіз пластикалық техника байлығы қажет. Аса шебер техниканың көмегімен сахнада өмір сүрмей-ақ, өмір сүрудің өзін елестету арқылы шынайы өмірдің өзі болмаса да, Пушкин айтқандай, «сезімді шындыққа балап» жеткізу үшін сыртқы пластикалық зор қабілет пен аса сергек, аса сезімтал бес- аспап қасиет керек. Ал, мүндай талаптарға әсем пішін мен бедерлі бітім өрнектерінің жұмырлығын терең сезе алатын әм техникаға әмбебап, көрермен психологиясын тез танып, қажет жерде алдап кете алатын сахналық әдістерге бай ерекше дарын, қасиеті бар артист қана жетпек. Солай десек, кейіпкерсындылык өнер өкілдеріне сыртқы техниканың шегіне жеткен шеберлігі қажет. Сахналық шарттылық үлгісінің әсем пішінін техникалық жарқ-жұрққа жеткізу үшін қара терге шомылып жүріп еңбек еткен абзал. Сыртқы жылтырақ қимыл-іс шеберлігінен айрылып қалмау үшін екінші ағым өкілдеріне үзбей жаттығушылық, айрықша бап керек.Олардың осындай еңбек сүйгіш қасиеттері туралы К. С. Станиславский: «Аталмыш ағым артистері өздерінің еңбекқор қасиеттерімен ерекше дараланады. Кейіпкерсындылық өнерінің асқан шеберлері өмір бойы күн құрғатпай дауыстарын — ән салып, дикциясын—сөз оқып, пластикасын — гимнастика және спортпен шұғылданып, қиялын — өнердің барлық саласына жататын шығармалармен танысып, өлшем (ритм) мен есту сезімін (слух)— музыкамен айналысып, әдеби талғамын — әлемдік ақындарды зерттеу арқылы үзбей жаттықтырып отырады» (там же, с. 72) деп жазады.
Әрине, ұдайы жаттығулар мен техникасын өз бабында ұстау ережесі барлық актерлерге де қажет екені даусыз, әйткенмен техник-актерлер үшін оның маңызы айрықша зор. Ал, кейіпкерсындылық өнерінің өкілдері үшін, әсіресе, сыртқы техниканы барынша баптап ұстау ерекше қамқорлықты талап етеді. Әйтпесе, жаттанды әдістер мен қайталаулар кәсіпқойлыққа әкеп соғады. Сондықтан да кейіпкерсындылық өнері өз үлгісін сақтап қалу жолында көп түрлілік пен көп қырлылық планда түрленіп, кемелденіп отыруды әм жиі-жиі жаттығу жүргізуді қатаң түрде талап етеді.«Кейіпкерсындылық өнерінің бастау бұлағы да, құярлығы да — шарттылық. Ал, шарттылық атүсті асығыс қойыла салатын қарабайыр қойылымдар үшін аса ыңғайлы тәсіл. Өзінің бұлжымас заңдары мен айнымас шындығы, әрі аса нәзік шікәмшіл творчестволық табиғаты бар шынайы өнерге қарағанда шарттылық үлгісі бой- ұсынғыш, шиліккіш келеді. Ал, кәусар сезім мен шындап өмір сүру процесі алапат, ауыр құбылыс: бұлар өзінің табиғи даму сатысы мен қайнау шегіне жеткенше ұланғайыр уақыт қажет етеді. Шарттылық кезеңіне жеткен уақыт: творчестволық өзегі мен психологиялық иірімдері қылпылдаған ньюанстық кірпияз тебіреністерге құрылған мөлдір сезімнің әбден пісіп-жетілуіне жетпейді» (там же, с. 72) деп К. С. Станиславский шарттылық өнер мен шынайы өнердің ара жігін ашып айтады.Жалпы актер халқы шыдамсыздар категориясына жатады. Олар өздерінің творчестволық ішкі тебіреніс процесінің көркемдік нәтижесін неғұрлым тезірек көруге асығады. Ал, шарттылық табиғаты актердің ыңғайына көнгіш, елгезек өнер. Кейіпкержандылық өкілдері үшін аталмыш ағымның осы қасиеті қауіпті. Жатпай-тұрмай гимнастикалық жаттығулар жасап, сыртқы техникасын барынша ұштап, шеберлігін баптап ұстағанмен кейіпкерсындылық ойын-өрнегінде: лапылдаған роль құштарлығы мен тұлғалы образ бейнелейтін терең мазмұнды көркем пішін сомдауға ұмтылыс солғын болады; қорытындысында кәсіпқойлық таптаурындылық пен әдет еткен актерлік машыққа ұрындырады. Оның азабы мол ойын үлгісіне жұмсалған күш-қуат, төгілген тер көп жағдайда өзін-өзі ақтамайды. Бұл өзі әрі қиын, әрі баянсыз өнер. Сыртқы әсері көз қызықтырарлық болғанмен, мағынасы таяз.Өйткені, мазмұнынан пішіні әсем. Оның әдемі әсері мен ләззәтына бөленуге болады. Тамашалап отырған сәтте қуанышқа кенелуге де, сүйсінуге де татиды. Бірақ тереңдігімен жан-дүниеңді қозғамайды, тамсандырып қана қояды. Сарайыңа сана құйып, жан семіртетін өнер емес. Оған сенбейсің, сұқтанасың. Әсіреқызыл, жадағай, жалаңбұт дүние. Өзінің күтпеген жерден кенет жарқ еткізетін бояма эффектісімен, кездейсоқ иллюзиясымен, асқақтап сөйлейтін актерлік жалаң пафосымен, екпінді тонымен, жалаулатқан жалынсыз жарнамалық үн-әуенімен көрермен қауымын таң қалдыруға тырысу тек, кейіпкерсындылық өнеріне ғана тән құбылыс.